Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Өнер ұжымдарынан ұстаздарға тарту

Оралдық ұстаздарды «Қарақат» мектеп студиясы мен Қарлығаш Қадырбекова өнер орталығы кәсіби мерекелерімен құттықтап, «Ұстаз – ұлы есім» концерттік бағдарламаларын тарту етті.

Өнер ұжымдарынан ұстаздарға тарту
Фото: Томирис Сұлтан

Қазан айының алғашқы жексенбісіне келетін ұстаздардың төл мерекесіне арналған кеш Жастар мәдениет үйінде өтті. Педагогтер қауымына Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова лебізін арнап, өнерпаз ұжымдарға алғысын білдірді.

– Бұл ұжымдарда өнерге машықтанып жүрген балалар біздің алдымызда білім алып жүрген шәкірттеріміз. Сондықтан өнерлі өрендердің сыйын қуанышпен қабылдаймыз. Құрметті ұстаздар, бәріңізді келіп жеткен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Шәкірттеріңіздің әр іс-әрекеті жақсы қадаммен басталып, жақсы ой, ізгі ниетте болып қалыптасуы сіздердің берген жүрек жылуларыңыз бен дарытқан тәлім-тәрбиелеріңізге, бойларына сіңірген білімдеріне байланысты болмақ. Еңбектеріңізге табыс тілеймін. Алдарыңыздан өткен шәкірттер елдің болашағын құратын патриот, саналы азамат болсын, – деген Ақжарқын Мүтиғоллақызы бір топ білім саласы қызметкеріне Орал қаласы әкімінің Алғыс хаты мен БҚО білім басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ бірқатар педагог білім бөлімі басшысының Алғыс хатын иеленді.

Қос ұжымның шәкірттері өнерлерін ұсынып, мереке қонақтарына әдемі көңіл күй сыйлады. Осыдан алты жыл бұрын ашылған Қарлығаш Қадырбекованың өнер орталығында вокал, актерлық шеберлік, би өнері бойынша 4-18 жас аралығындағы 450 жас тәрбиеленуде. Өнерлерімен халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Ал шаһарымыздағы «Қарақаттың» екі студиясы 800 өренді жетіген, домбыра аспаптарында ойнауға, вокалға, би өнері мен актерлық шеберлікке баулып келеді.

Томирис СҰЛТАН