Оралда нан қымбаттады. Наубайшылар мұны бидай бағасының өсуімен байланыстырады. Дегенмен, жауапты орган өкілдері баға шарықтауының алдын-алу үшін арнайы қор құруда жұмыстануда.
Бұған дейін ас атасы 140 теңгеден сатылған болса, енді 150-160 теңге. Баға әлі де өсуі мүмкін. Өйткені биыл қуаңшылықтың себебінен астық бітік шықпады. Шаруалар бидайын қымбатқа сатты. Бидайды жоғары бағамен алғандықтан, наубайшылар да өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүр болды.
– Бидайдың бағасы бұрынғыдан 40-50 пайызға дейін өсті. Біз ұнды 6 теңгеге ғана көтердік. Бұл 3,5 пайыз ғана. Сонымен қатар қазір бидай тапшылығы сезілуде. Біз айына 5-6 тонна бидайды өңдеуден өткіземіз. Егер көлемді арттыратын болсақ, екі айдан кейін кәсіпорын жұмысы тоқтатылып, 500-ден астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін, – дейді жергілікті «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ бөлім басшысы Талап Сапин.
Қазіргі уақытта нан ғана емес, макарон өнімдері де 11 пайызға қымбаттады. Ал жергілікті билік бағаның шарықтауының алдын алу үшін арнайы қор құрылатынын айтып, облыс әкімдігі тарапынан ұн тартатын кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін азық-түлік бидайының қосымша көлемін бөлуге өтінім берілгенін жеткізді.
– Азық-түліктік және жемдік бидайдың, күнбағыс тұқымының резервтік қоры қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта күнбағыс дақылы жиналып жатыр. Шаруашылықтармен жасалды. Тұрақтандыру қоры жұмыс жасайды. Оған 550 млн. теңге бағытталған болатын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға қосымша 1,2 миллиард теңге бөлу күтілуде, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Денис Омашев.
Томирис СҰЛТАН