Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Елімізде 867 адам жер бетінде жоқ елдің төлқұжатымен жүр

Бәлкім, ел тәуелсіздігін мойындамаған шығар, кім білсін...

Елімізде 867 адам жер бетінде жоқ елдің төлқұжатымен жүр
фото: 24.kz

Құжат ауыстырмағандар айыппұл төлейді. Биыл елімізде КСРО кезеңінен қалған қызыл төлқұжатын ауыстырмай жүрген 867 адам анықталған, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Қазақстанда жарамсыз әрі жоқ елдің төлқұжатымен жүргендер әлі де көп. Сондықтан Көші-қон қызметі комитетінің өкілдері адамдарды жыл соңына дейін заңды құжат алуға шақырады. Мысалы, алматылық Александр Беляев (суретте) 25 жыл бойы Кеңес Одағының паспортымен тұрып жатыр. Мамандығы – механик-жүргізуші. Көп жыл қала іргесіндегі ауылда еңбек етті. Тәуелсіздік алған соң қолындағы қызыл төлқұжатын ауыстыруға мүлдем асықпаған. Отбасы мүшелерінің құжаттары заңды. Бірақ, өзінің не себепті құжатқа жүрдім-бардым қарағанын түсіндіре алмады. Бәлкім, ел тәуелсіздігін мойындамаған шығар, кім білсін... Әйтеуір, ол қалалық Көші-қон қызметі құжат ауыстыруға міндеттемегенде, әлі де еш жерде тіркеусіз, азаматтығы жоқ адам болып жүре берер еді.

Жалпы, жеке куәлігі жоқ жандарға медициналық және әлеуметтік жәрдем көрсетілмейді. Ел қатарлы білім ала алмайды. Зейнетақы да берілмейді. Ресми жұмысқа орналасып, ел аумағында еркін жүріп-тұрулары да қиындайды. Мамандардың айтуынша, осындай азаматтығы жоқ жандардың 60%-ы – ТМД елдерінен Қазақстанға қоныс аударғандар.

"Егер еш жаққа шықпаған, туғаннан бері Қазақстан аумағында тұратын болса, біз мектеп, институт, жұмыс істейтін жері дегендей тиісті мекемелерді тексертеміз. Одан кейін барлық мәлімет растайтын болса, тиісті қорытынды шығарып, сол қорытынды негізінде жаңадан құжаттандырамыз", - дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов.

Жарамсыз құжаттармен жүрген адамдарды анықтау науқаны жыл соңына дейін жалғасады. ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша егер 1 айға дейін құжатсыз немесе жарамсыз құжатпен жүргендерге алдымен ескерту жасалады. Егер 1 айдан көп уақыт құжатын ауыстырмаса, 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.