Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мешіт жамағаты арасында шағын футболдан өткен жарыстың жеңімпаздары анықталды.
Бұл жарыс осы жылдың мамыр айында басталған. Ойынға Алматы қаласындағы елу екі мешіттің үш мыңнан аса жамағаты қатысып, үш жүздей команда бақ сынасқан еді. Кешегі күні, яғни, 3-қазанда «Арман» футбол алаңында өткен тартысты додаға сезгіз команда іріктеліп шыққан болатын.
Атап айтқанда, Әль-Мадина (Жетісу ауданы), Омар ибн аль-Хаттаб мешіті (Медеу ауданы), Байкен (Бостандық ауданы), Әл-Азим (Алатау ауданы), Төле би (Алмалы ауданы), Қалқаман 2 (Наурызбай ауданы), Ақсай (Әуезов мешіті), Әлмерек (Түрксіб ауданы) командалары.
Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, ұйымдастырушылардың ризашылығын арттырған футбол өте қызықты өтті. Берері мол, өнегесі зор шараның неден бастау алып, қалай болғанын ұйымдастырушы жетекшілерінің бірі, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Ахилбекұлы айтып берген еді: «Бұл жоба, негізі, 2017 жылдан бастау алды. Мақсат – мешіт жамағатын спорттық шараға тарту. 2018 жылы тағы өтті. Шағын футболды ұйымдастыру арқылы олармен бірге жұмыс жүргізу және келісімге келуді көздедік. Кейін пандемия, карантиннің кесірінен бұл іс-шара тоқтап тұрған. Биыл карантин талаптарын сақтай отырып, қайта бастадық.
Тек футбол ғана емес, спорттық шараны түрлендіре отырып, жамағатпен байланыс тәсілін де көбейттік десе болады. Мысалы үшін, ораза, құрбан айт, қала күніне орайластырылған шараларда дәстүрлі исламның шынайы жолын, ұлттық құндылықтың ерекшелігін көрсетіп отырдық. Ұлттық спорт түрлеріне басымдық беріп, төл мәдениетіміздің, ұлттық өнеріміздің ерекшелігін еске салып, өзгешелігіне елдің назарын аудару – насихаттың тиімді жолы деп ойлаймын. Тағы бір жағынан мешітке қолдау көрсетуді осылай тауып жатқан жайымыз бар және бұл жарыс Дін істері жөніндегі басқарманың қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатыр. Біз бұл жобамен ғана тоқталмаймыз, әрине.
Жыл сайын 18-қазанда «Рухани келісім күні» аталып өтеді. Осы жобаның аясында біз өзге де конфессияларды тарта отырып, спорттық жарыстар өткізбекшіміз. Бізде діни бірлестіктердің клубы бар, сол клубтың аясында басқа конфессиялармен тұрақты түрде шаралар, кездесулер, әртүрлі мерекелер өткізіп тұрамыз.
Бүгінгі өткен шағын футбол мешіт жамағаты арасындағы дәстүрлі емес исламның жетегінде жүргендерге шынайы исламның бет-бейнесін көрсету арқылы оларды бауырға тарту болса, алдағы конфессиялармен болатын іс-шара түрлі дін өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығы мен құрметін арттырып, ортақ Отанның өзегінде бірігуіне ықпал етеді деген сенімдеміз.
Мешіт жамағатына, имамдарға, әкімдік қызметкерлеріне игілікті іс-шарада бір кісідей атсалысқан баршаға алғыс айтамын. Бірлік түбі – береке деген. Ынтымағымыз мықты болсын!
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейтін жақсы сөз бар. Шынымен жақсылығы зор, қызығы мол жарыс тартысты болды. Футболшылар алаңда зулап, тепкен доп қақпада тулап, жанкүйерлер қуана шулап, мәре-сәре болысқан ойынға куә болдық. Бастарына жарасымды қазақы тақия киген имамдардың жүріс-тұрысы алаңға иман нұрын сеуіп жүргендей сезілді.
Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан бастаған мешіт қызметкерлерінің көрермен ретіндегі көрінісі көрікті-ақ. Бас имамның пікірін білгенді жөн көрдік. Төлеби Оспан мырзаның сөзі қысқа да нұсқа болды: «Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен елу екі мешіт жамағатының арасында басталған ойынның бүгін финалы болып жатыр. Әр ауданнан іріктелген сегіз команда өзара мықтыны анықтауда. Бұл шараға жалпы құны екі миллионға жуық жүлде қоры тағайындалып отыр. Бірінші орынға бір миллион және басқа да жүлделер тағайындалған. Шараның басты мақсаты- мешіт жамағатының ынтымақ, бірлігін нығайту, дәстүрлі емес бағыттағы жамағатты дәстүрлі жамғатқа тарту, бейімдеу.
Барлық бейімдеу шаралары тек қана уағыз-насихатпен ғана шешіле бермейді. Осындай спорттық, мәдени, қоғамдық шаралардың ықпалы зор. Оңалту жұмыстарына өзінің септігін тигізеді. Мысалы мамыр айынан қазан айына дейін жалғасқан сайыста бұл ойыншылар өте көп араласты, бұл ары қарай, ойыннан кейін де өзара араласуын жалғастырады. Ол бірлікке ұласады, бірге болады деген үміттеміз. Шараның негізгі миссиясы осы. Миссиясы орындалды деген ойдамыз.
Иә, діттелген миссия орындалса, ол қуанарлық жайт. Бұл іс-шара өз игілігін берді. Чемпиондар анықталды. Құшақтар айқасты, күлкі көбейді, ризашылық лебі есті. Діттің орындалғаны осы емес пе?!
Сонымен мамыр мен қазан аралығында алты айға жуық өткен футбол жарысы мәреге жетті. Чемпион команда өздерінің мықты футболшы екенін дәлелдеді. Олар Медеу ауданы Омар ибн аль-Хаттаб мешітінің командасы. Медеу ауданы чемпион. 1 000 000 теңгені ұтып алды. Екінші орынды Әуезов ауданының «Ақсай» командасы иеленіп, 10 велосипед мініп кетті. Ал үшінші орын Бостандық ауданының «Байкен» мешітіне бұйырды. Олар басынан аяғына дейін спорттық киім комплектісін киіп кетті. Осылайша қызықты да думанды дода талай адамның басын біріктіріп, достығын туғызып, ауызбірлігін нығайтып кетті. Әлі алда талай жарыс жоспарда тұр. Жеңісті күнге Құдай аман жеткізгей!
Еділ АНЫҚБАЙ