Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Орал әкімі ұстаздарды құттықтады

Қазан айының алғашқы жексенбісінде келетін Ұстаздар күні мерекесіне орай Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, озық тәжірибелі педагогтерді марапаттады.

 

Орал әкімі ұстаздарды құттықтады
Фото: Томирис СҰЛТАН

Жастар мәденет үйінде өткен шара сала ардагерлеріне құрмет көрсетуден бастау алды. Ардагер-ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, олар қызыл кілеммен жүріп өтті. Мерекелік салтанатты жиын «Қазақ даласындағы білім жолы…» қойылымымен ашылды.

Қала әкімі Абат Шыныбеков құттықтау лебізінде ардагер-ұстаздар мен олардың салған сара жолын жалғастырушы  бүгінгі педагогтардың ел болашағын тәрбиелеудегі рөліне ерекше тоқталды. 

Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді мейірімге бөлеп, тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып, таудай болып шығуына, өмірде өз орнын табуына  негіз қалайтын өздеріңіз. Ұстаздарымыздың еңбегі әрқашан өлшеусіз  терең, барлық адамзат бұл өмірге әкелген ата-анасына басыниіп өтсе, әріп танытып, тұлға ретінде қалыптастырған ұстазына мәңгі қарыздар деген ойдамын. Бүгінде  мемлекеттің тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың ерекшелігі  өздеріңізге мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласына, жаңа ұрпаққа жаңаша бағытта білім беру сапасын арттыруға бағытталған міндеттер ауқымды. Заман өзгеріп, жаңа технологиялардың енгізілуімен ұстаздарымыздың қызметі күрделене түсті. Қала мектептерінде  оқитын 55 мыңнан астам оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздарымыз аянбай еңбек етіп келеді. Үздіксіз ізденіс, жан-жақты шеберлікпен берілген  білім нәтижесін шәкірттеріміз облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі додаларда жетістіктерімен көрсетті. Бұл – сіздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіші,  – деді Абат Абайұлы. 

Сондай-ақ «Үздік педагог» байқауының жүлдегерлеріне алғыс хат пен сертификаттар табыс етті. Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала мектептерінің мұғалімдері арасында өткізілген «Орал қаласының Құрметті педагогі» байқауының нәтижесі бойынша алдыңғы қатарлы мұғалімдерге 100 мың теңгелік сертификат берілді. 

Білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлнара Шоламбаеваға «Орал қаласының Құрметті  педагогі» төсбелгісі мен куәлігі және 300 АЕК (875 100 теңге) көлемінде сыйақы ұсынылды.

Осы отыз жылға жуық еңбек өтілімде үш шәкіртім республикалық олимпиада жүлдегері атанса, биыл бір оқушым пәндік білім сайысында 1-орынды жеңіп алды. Дарынды балалармен жұмыс жасау үлкен еңбекті талап етеді. Оқушылармен бірге ізденіп, тәжірибеңді жетілдіресің. Нәтижесінде еңбегіңнің еленгені де – зор қуаныш, – дейді мәртебелі маман иесі.

Бір топ білім саласы қызметкерлеріне Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының тарапынан «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі табыс етілді.