Орал қаласында заттай айғақтарды, қараусыз қалған жануарларды коммуналдық меншікке айналдыру жұмыстары ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына және Үкіметтің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi туралы» қаулысына сәйкес жүргізіледі. Бұл туралы шаһар басшысы Абат Шыныбеков аталмыш мәселеге байланысты БҚО әкімдігінде өткен жиын кезінде баяндады.
2019 жылдың қаңтар айында Орал қаласы қаржы бөлімі өңірдің құқық қорғау органдарының 2 тонна 143 келі шамасында балық өнімдерін (оның ішінде 2 тонна 125 кг бекіре тұқымдас балық) және 103 келідей уылдырық (атап айтқанда қара 96 кг 200 гр және қызыл 6 кг 500 гр) қабылдап алып, «Урал-Каспий» ЖК-нің мұздатқыш камерасына орналастырды. Іс жүргізуші құрылым тарапынан келген хат негізінде 96,2 келі қызыл уылдырық иесіне қайтарылып, қалған балық пен уылдырық сот актісі және арнайы комиссиясы отырысының хаттамасы негізінде жойылды,-деді Абат Абайұлы.
Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 2 сот шешімі негізінде, жалпы салмағы 1 тонна 781 келі болатын балық өнімдері қабылданды. Олар да сот шешімдері негізінде және комиссия хаттамасы негізінде жойылған болатын. Биыл жыл басынан бері құқық қорғау құрылымдарынан 7 іс бойынша 2 дана бекіре тұқымдас балық, 1 тонна 182 келі әр түрлі балық өнімдері және 1604 дана киік мүйіздері тергеп – тексеру амалдары аяқталғанша «Урал-Каспий» ЖК-ге тиесілі мұздатқыш камерасына орналастырылды.
Жұбан МҰРАТ