Орал қаласы әкімдігінің жалпы тұрғын үй кезегіне І, ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы ауруы бар азаматтар тіркеле алады. Сол кезекпен пәтерге ие болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлек тұрғын үй салынбайды. Жеңілдік дегенде, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, баспаналы бола алады. Бұл туралы Орал қалалық тұрғын үй және жекешелендіру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Шайхиев мәлімдеді.
Әкімдіктің тұрғын үй кезегінде жалпы 21250 азамат тұрса, оның ішінде І, ІІ топтағы мүгедектер – 1340, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасы – 912, созылмалы аурулы азаматтар – 64, сонда 2316 мүмкіндігі шектеулі жан үй кезегіне қойылған. 2020 жылы екі тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, І, ІІ топтағы мүгедектігі бар 28 адам пәтерлі болды. Биыл 15 мүгедек отбасы баспанаға қол жеткізген.
-2019 жылдан бастап мемлекет көп балалы отбасыларды пәтермен қамтуға жіті көңіл бөлуде. Жыл сайын салынып, іске қосылған тұрғын үйдегі пәтерлердің тең жартысы көп балалы отбасыларға беріледі. Қазіргі кезде 2018 жылы кезекке тұрған баласы көп отбасылар пәтер алуда. Ал І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға келсек, олардың 2004, 2005 жылдары кезекке қойылғандары жалға берілетін, жекешелендіру құқығынсыз үйлерден баспаналы болуда. Соңғы үш жылда көп балалы отбасыларға 400-ден астам жалға берілетін пәтер бөлінді. Өзге санаттағыларға жылына – 40й, 50 пәтер бөлінсе, көп балалы отбасыларға одан 10 есе көп берілуде, - деді Ерлан Шайхиев.
Жұбан МҰРАТ