Діни сауаттылыққа қадам: Оралдық жастарға тағылымды дәріс оқылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 1-4 курс студенттеріне еліміздегі зайырлылық қағидалары мен мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында кездесу өтті. 

Діни сауаттылыққа қадам: Оралдық жастарға тағылымды дәріс оқылды
Фото: Томирис СҰЛТАН

Университетке келген БҚО Дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Бағдат Адайхан білім алушылармен кездесіп, олардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында діни заңнама, зайырлылық тақырыбында сөз қозғап, теріс ағымдардан сақтану шараларын түсіндірді.

Дінтанушы діни сауаттылықтың төмендігі жастардың тура жолдан адасуына әкеп соғатынын айтып, кез келген ақпаратты аларда аса ұқыптылық таныту керектігін атап өтті.

Әлеуметтік желілер арқылы таратылатын жалған ақпараттардан сақтану қажет. Оларды сақтау немесе тарату сынды қарапайым іс-әрекеттер заңға қайшы келеді, көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін жеткізеді, – деді Бағдат Адайхан. 

Тағылымды кездесу соңында студенттер дін тақырыбында көкейлерінде жүрген сауалдарына толыққанды жауап алды.

Осындай жүздесулер Оралдағы басқа да оқу орындары мен білім ұяларында жүргізілуде. 

Томирис СҰЛТАН