Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Алматыда қала күніне орай мерекелік шара өтті

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы  мешіт жамағаты арасында Алматы қаласы күніне орай мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл мереке Нұр-Мүбарак мешітінде өтті.  

Алматыда қала күніне орай мерекелік шара өтті

Ел-жұртты жақындастырып, бір-біріне деген достық-бауырмалдықты қалыптастырудың түрлі жолдары бар. Бүгінгі өткен мерекелік шара мешіт жамағатының өзара сыйластығын қалыптастыру мақсатынан туған сондай жолдың бірі. Әрине, мұндай жиын бірінші рет өтіп отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет өткен-ді. Шараның берері мол, нәтижесі зор болғандықтан, ұйымдастырушылар дәстүрге айналдыруды да ойластыруда. Неге десеңіз, біріншіден, денсаулыққа зор байлық қосатын спорт арқылы салауатты өмір салты насихатталады. Екіншіден мешіт жамағатын спорттық ойындарға қатыстыра отырып, адами қарым-қатынасқа қадам жасалады.

«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дейді атам қазақ. Сырттай суық көрінген кейбір адамдар осындай мерекелік шараларда жақсы қырынан байқалады. Енді біреулер салқын тартып жүрген адамымен жақындасып, тіл табысып жатады. Сондай-ақ ойынның ортақ мүддесі жарыстырады, табыстырады. Осы арқылы дін деген намазда ғана иіліп, басқа уақытта қаққан қазықтай тік жүріп, көпшіліктен оқшау өмір сүру еместігін талай адам түсінеді.  Дін ұстанған адам қайнаған тіршіліктен алыс жүрсін, ойын-тойдан қашық жүрсін деген қасаң қағида жоқ. Дін – өмір, дін – тіршілік, дін – спорт, дін –сыйластық, дін – риясыз күлкі, дін – бүкпесіз әңгіме, дін – ғибартты қызық деп тізе берсеңіз кете береді. Ең бастысы, дін – иман. Ал иманы бар адам таза, адал, әділетті, мейірімді, жанашыр. Демек, кез келген нәрсеге иман керек. Иман дегеніміз біреуді алалау, екіншіні бөлектеу, келесіні шеттету емес қой. Иман адам үшін ортақ қасиет. Міне, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың діттегені осы бірлік, татулық, сыйластық.

Осы тұста аталмыш басқарманың бас маманы Бақдәулет Халилуллаұлы Әбдіхамитовтің пікірі ойымызды толықтыра түспек: «Бұл жоба былтыр да болған. Салауатты өмір, спорт насихаты, мешіт жамағатының сыйластығын арттыру басты мақсат екені көпшілікке белглі деп ойлаймын. Ең бастысы бұл іс-шарада ұлттық ойындар, ұлттық құндылықтар   насихатталады. Ұлттық құндылық дәстүрмен ұштасады, дәстүр дінге жалғасады, одан тарихқа кетеді дегендей. Мұның барлығы тұтасқан дүние ғой. Мерекелік іс-шарада осы тұтас дүниенің көрініс беруін, ол мешіт жамағатына жетуін қаладық. Сол себептен тек ойынмен ғана шектелмей, теолог, психолог, имамдарды орайын тауып, ретіне қарай кіріктіріп отырдық. Айта кетуіміз керек, мерекелік шараның сыртында шағын футболдан турнир өтіп жатыр. Жыл басынан бері 52 мешіттің атынан 400-дей команда қатысқан. Іріктеу аяқталуға жақын. Енді сегіз ауданнан сегіз команда қалады. Бұл сегіз команда өзара бақтарын сынайды. Енді қайтадан бүгінгі іс-шараға келейік. Мерекелік шарада басым көпшілігі жастар болды. Сондай белсенді және ерекше қызығушылық танытқанын байқадық. Алғыс айтып жатыр. Мысалы, қошқар көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарға ықыласы ауған жастарды көргенде іс-шараның мәнді де мағыналы болып жатқанын сезгендей болдық».

Иә, мәнді дүниенің маңызы да арта бермек. Мерекелік шарада армрестлинг, петанк, гір көтеру, допты шеңберге лақтыру, допты қақпаға тебу, т.б. сияқты ойындар да болды. Қорыта айтқанда осының бәрі Алматы қаласының діндар халқы арасында ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, жастар арасында толерантты діни сана мен радикалды идеологияға иммунитетті қалыптастыру, қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімдеу, ресми дінмен дәстүрлі емес діни ағымдардың топтастырылған диалогын ұйымдастыру үшін жағдай жасау, конфессияаралық келісімді нығайту. Діттелген ой жүзеге асқанын қатысушы мен көрермендердің көңіл күйінен көрдік. Ел бірлігі үшін мұндай игілікті іс-шаралар жалғасын таба бермек.