Қазіргі уақытта өтінімдері бойынша Оралдағы бөбекжайлар, мектептер мен ауруханаларға жылу берілді. Ал тұрғын үйлерге тәуліктік ауа температурасы үш күн бойына +8 градус немесе одан төмен түскенде берілетін болады.
Қаланы жылумен қамтушы «Жайықжылуқуат» АҚ жыл сайын 1 208 көппәтерлі үйді, сондай-ақ мектептерді, балабақшаларды, ауруханаларды, мәдениет және спорт нысандарын жылумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда барлық нысандар жылыту маусымына дайын және дайындық паспорттарын алған.
Сонымен қатар қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары, төтенше жағдайлар басқармасы және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілдерімен бірге жеке тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастады. Оған қоса пештер мен газ жабдықтарын тексеруде.
Айта кетейік, 2020-2021 жылғы жылыту маусымы кезеңінде қаланың тұрғын үй секторында 50 өрт орын алған. Салдарынан 7 адам жарақат алып, 6 адам көз жұмған. Осы орайда, мамандар жылыту маусымы алдында пештер мен құбырларда ақау болса, қалыпқа келтіруді, газ исі сезілгенде 104 нөміріне хабарласуды ескертеді.
Томирис СҰЛТАН