Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралдағы қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіле бастады

Маусым айынан бастап пилоттық режимде жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі №2, №4  және №22 маршруттарда енгізілген болатын. Жақын күндері  №5, 20, 35 қалалық қоғамдық көліктері жол ақысын осы жүйеде қабылдайтын болады. Қазіргі уақытта  жабдықтар орнатылуда.

Оралдағы қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіле бастады
Фото: Томирис Сұлтан

Жол жүру ақысын электронды түрде төлеу жүйесіне көшу жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға мүмкіндік бермек.  Осы ретте Орал қаласының әкімдігі  «Smart Qala» ЖШС компаниясымен қалалық тасымалдаушылар арасында қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу туралы   келісімшартқа отырған болатын.

«Smart Qala» ЖШС мамандары мәлім еткендей,  барлық қалалық қоғамдық көліктерге қажетті жабдықтар орнатылғаннан кейін дифференциалды төлем жүйесі жұмыс істей бастайды. Жол ақысын қолма-қол төлеген жағдайда жол жүру құны 150 теңге, электронды түрде төленсе – 80 теңге болады. Ал 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға қолма-қол жол жүру 70 теңге болады

Айта кетейік, Оралдағы жолаушылар көлігі 29 қалалық, 10 саяжайлық және 6 қала маңындағы маршруттардан құралған. Биыл қалалық тасымалдаушы «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы «Yutong» маркілі отандық құрастырылған үлкен класты 30 жайлы автобусты сатып алды. Қазіргі таңда сатып алынған жаңа автобустар №22 бағытта жүр. Жыл аяғына дейін қалалық тасымалдаушылар «ЛиАЗ» маркалы отандық автобустарды және «Некст векторын» сатып алуды жоспарлап отыр.

Томирис СҰЛТАН