Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Министр депутаттардың зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына жауап берді

Көрші елдер зейнет жасын ұлғайтып жатыр, ал Еуропада, басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікімен салыстырғанда бұрыннан жоғары, дейді министр Нұрымбетов.

Министр депутаттардың зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына жауап берді
Фото: aikyn.kz

Қазақстан үкіметі экономикалық-демографиялық жағдайларды ескеріп, қазіргі таңда зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырып отырған жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

"Әлемдік тәжірибені ескеріп, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайларға сүйене отырып, бүгінгі таңда үкімет тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырған жоқ", - деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, қазір елімізде 65 жастан асқан азаматтардың саны көбейіп жатыр. Егер бес жыл бұрын 6,8 процент болса, биыл 7,7 процентке жетті.

"Әлемде бұдан да жоғары, Мәселен, Америкада 16-18%, Еуропада 20%, Ресейдің өзінде 15,5%. Сондықтан әлемдегі трендтерді ескеріп, бүкіл ел қайта зейнет жасын ұлғайтып жатыр. Еуропада, басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікімен салыстырғанда бұрыннан жоғары", - деді ол.

Нұрымбетов көрші елдер де зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен ұлғайтып жатқанын айтты. Мәселен, Әзербайжанда 2017 жылдан бастап 60 жастан 65 жасқа дейін көтеру қолға алына бастады. Грузияда ерлерге 65, әйелдерге 60 жаста шығуға, Латвияда да 62 жастан 65 жасқа дейін көтеру мәселесі қаралып жатыр. Беларусьте 2017 жылдан бастап кезең-кезеңмен ерлер үшін зейнет жасын 63, ал  әйелдер үшін 58 жасқа дейін жеткізу көзделген.

Бұған дейін мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясының депутаттары коронавирус пандемиясына байланысты ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған еді.

Мәжілісмендердің пікірінше, бұл шара қарттардың өмірі мен денсаулығын сақтауға ғана септігін тигізбей, экономикалық дағдарыс жағдайында еңбек нарығына да оң әсер етеді.