Мұнайдың үстінде отырған өңір тұрғындары ауызсуға зар болып отыр

Аудандық әкімдіктегілер судан сынама алып, зиянын анықтап көрген. Олардың қорытындысы – су ішуге жарамды, таза, тек жағымсыз иісі бар. 

Мұнайдың үстінде отырған өңір тұрғындары ауызсуға зар болып отыр
фото: дереккөз

Атырау облысы Құрманғазы ауылының тұрғындары сасыған су ішіп отыр деп хабарлайды Paryz.kzStan.kz-ке сілтеме жасап. 

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жаз бойы жағымсыз иісі бар су ішіп шыққан. Олардың айтуынша, жергілікті әкімдікке бірнеше рет шағымданғандарымен, нәтиже жоқ. Судан жағымсыз иістің шығуының себебі – тіршілік көзі саналатын Қиғаш өзенін балдыр басып, су ластанып кеткен.Енді тұрғындар сасыған су ішуге мәжбүр. 

Ішсек те, жуынсақ та жаман иіс сезіліп тұрады. Үстімізден қолаңса иіс шығып тұрады. Не үшін судың сасып кеткенін бізге ешкім айтпады. Дүкеннен су сатып алып отырмыз, бірақ қашанға дейін суды ақшаға сатып отырамыз? Біз мұнайлы облыстың тұрғындарымыз ғой, – дейді Хиуаз ауылының тұрғыны Ләззат Борашева.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, былтыр да су сасып кеткен, бірақ азғантай уақытта қалпына келген. Алайда осы жолы жаз бойы су сасып тұрған. 

Сасыған шәй ішіп жүрміз ғой. Судың иісінен құтыла алмай келеміз. Қашанғы шыдаймыз? Әкімдік бір нәрсе істеу керек қой, уланып өлеміз бе? — дейді тұрғын Гүлшара Мұсағалиева.

Қазіргі таңда ауданда өзен суын залалсыздандырып, тұрғындарға жеткізумен айналысатын 23 су айдау стансасы жұмыс істейді. Бір станция күніне 200 тоннанға жуық суды тазалайды. Алайда жаз бойы станциялар судың иісін кетіре алмаған. Сол себепті тұрғындар сасыған су тұтынып отыр. 

Суды қайта-қайта залалсыздандырып, тазалаймыз. Бірақ судың жағымсыз иісі кетпейді. Нақты неше пайызға тазалатынын айту қиын, – дейді су стансасының операторы Асылбек Тасимов.

Аудандық әкімдіктегілер судан сынама алып, зиянын анықтап көрген. Олардың қорытындысы – су ішуге жарамды, таза, тек жағымсыз иісі бар. 

Өзенді балдыр басу дегеніміз табиғи құбылыс қой. Ішуге болады. Өзен суы ерте қайтып, салдарынан балдыр көбейген. Сол себепті балдырдан иіс шығып тұр. Тұрғындарға еш қауіп жоқ,- дейді  Жаңаталап ауылының әкімі Олжас Тәжібаев.

Мұнайлы облыс тұрғындарына ауа райы суытып, өзен суы салқындап, балдырлар азайғанға дейін сасық су ішуге тура келетін сияқты.