Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Нұр-Сұлтанда сот үкімдеріне наразы он шақты адам Жоғарғы сотқа барды

Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар акция-пикеттерге жиі шығады. Биыл маусым ортасында олар Жоғары сот ғимаратында түнеп те шыққан.

Нұр-Сұлтанда сот үкімдеріне наразы он шақты адам Жоғарғы сотқа барды
фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның түрлі аймағынан жиналған он шақты адам Жоғарғы сотқа барып, "заңсыз сот шешімдері мен үкімдерге" қарсылық білдірді деп жазады "Азаттық радиосы". 

Жиналғандардың әрқайсысының шағымы әртүрлі. Бірақ олар өз істері бойынша тергеу қайта жүргізіліп, қайта қаралуын талап етеді.

Наразылар әуелі Алматыда сот шешімін орындау кезінде қаза болғандарды еске алды. Олар Қазақстанда шыққан соттардың кей шешімдерін "әділетсіз" деп атап, салаға реформа жүргізуді талап етті. "Сондай әділетсіз шешімдер жұртты ашындырады" десті.

Өзінің "алаяқтықтан зардап шеккенін" айтқан алматылық белсенді Ильшат Кензин он жылға жуық уақыттан бері кінәлі адамның жазалануын талап етіп келеді. Белсенді жөнінде жергілікті сайттар көп жазған. Оның айтуынша, осыған дейін Алматы қалалық соты айыпталушыны ақтап шыққан.

Маған заңсыз сот шешімі бойынша 5 млн теңге айыппұл салған. Зейнетақымның жартысын соған төлеп жүрмін. Бұл жерге биыл үш рет келдім: мамыр, маусым айларында және бүгін. Маусым айында келіп, екі күн осында қонғанбыз. Сол кезде 37 адамды [Жоғарғы сот төрағасы] Жақып Асанов онлайн қабылдаған. Одан не шықты білмейміз. Жауабы жоқ, - деді Ильшат Кензин.

Нэлли Филимонова есімді әйел "баласының өліміне кінәлі адамның бостандықта жүргенін" айтып, "қылмыскерді тауып жазалауды" талап ететінін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, 17 жылға сотталған айыпталушы 7 ай ғана түрмеде отырған. Бұған дейін прокуратура өкілдері айыпталушының Ресейге кетіп қалғанын айтқан.

Жиналғандар арасында алматылық белсенді, ғалым Есенғазы Қуандық та болды. Саяси-қоғамдық мәселелерге пікір ашық айтып жүрген ғалым жоғарғы оқу орнынан өзін заңсыз шығарғанын айтып, әділдік іздеп келіп тұрғанын жеткізді.

21 қыркүйекте Жоғарғы сот ғимараты жанындағы қоғамдық қабылдау орнының есігі жабық болды. Есікте карантин жайлы ескерту хабарлама ілініп тұрды. Жоғарғы соттың бір қызметкері шығып, наразыларға плакатты қақпаға ілуге тыйым салуға тырысып еді, наразылар тыйып тастады.

Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар акция-пикеттерге жиі шығады. Биыл маусым ортасында олар Жоғары сот ғимаратында түнеп те шыққан.

Ақпан айында Ақордаға барып, "әділетсіз сот шешіміне шағымданған" наразы топ "Қазақстаннан әділдік таппаса, шетелден көмек сұрайтынын" мәлімдеген. Сол кезде оларды қабылдаған президент көмекшісі Тамара Дүйсенова "жұмыс тобы құрылатынын, оның құрамына наразылардың бірі енгізілетінін" айтқан.

Дегенмен жиналғандардың айтуынша, бұл кездесуден нәтиже шықпаған.