Үздіктерді «Қала күніне» арналған «Туған қалам Орал» атты гала концертте шаһар басшысы Абат Шыныбеков марапаттады.
Орал – қарапайым тұрғындарымыздың қажырлы еңбектерінің алаңы болған әсем қала. Біз жылма-жыл қаламыздың туған күнін ерекше ілтипатпен күтеміз, оған жақсы жетістіктермен келеміз. Біз өз қаламызды жақсы көріп, мақтан етуіміз қажет. Осы қаламыздың одан әрі дамып, көркейе бергенін қалаймыз. Ендеше, қаламыздың туған күніндегі жетістіктеріміз еселе берсін, – деді шаһар басшысы.
«Үздік маман иесі – 2021» байқауы сегіз аталым бойынша @oraljastary парақшасында жүргізілді. Байқау өткізудегі мақсат – әр салада қызмет ететін мамандық иелерін айтулы күнде еңбегін елеп, мерекелік қуаныш сыйлау, жас ұрпаққа адал еңбектің озық үлгісін көрсету. Байқау жеңімпаздары лүпіл саны бойынша анықталады.
Нәтижесінде «Үздік дәнекерлеуші маман» номинациясымен Серік Айсақаев, «Үздік электрик маман» номинациясымен Фархад Әбдрахманов марапатталды. «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің маманы» номинациясына Мира Кауымбаева, «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі» номинациясына Алексей Капранов, «Үздік төтенше жағдай қызметкері» номинациясына Тоқтар Әубәкіров, «Үздік медициналық қызметкер» номинациясына Мейрман Жексенов, «Үздік жас ұстаз» номинациясына Наурыз Ертілек, «Үздік жол көпір шаруашылығының қолмен жинау бойынша жұмысшы маманы» номинациясына Қолғанат Бақаев ие болды.
Үздіктер дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік кеште Орал қаласына арналған әндер шырқалып, шаһар тарихынан сыр шертер композициялар көрермен назарына ұсынылды.
Томирис СҰЛТАН