Орал қалалық АХАТ бөлімі мен «Ақ отау» қоғамдық бірлестігі аға, орта буын өкілдеріне арнап дәл осындай атаумен би кешін өткізді.
-Тарихы бай, әсем шаһарымыз - Орал қаласының күніне орай ұйымдастырылып отырған ретро би кеші жалынданған жастық шақтары өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында қалған жандарға арналып отыр. Олар кезінде қаламызда, облысымызда, республика көлемінде еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосты. Бүгінде тәуелсіздігімізді баянды етуге де атсалысуда. Осы аға буын өкілдеріне, замандастарымызға құрмет көрсету мақсатындағы іс-шарамызға қош келдіңіздер,-деді қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Талғат Қайрекеев.
Ретро би кешінде аға буын өкілдері де сөз алып, жиналғандарды Қала күні мерекесімен құттықтап, өздеріне құрмет көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
«Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева дәл осындай би кеші 1 қазанда Оралдағы арбат бойында жалғасатынын мәлімдеді. «Өмірде түрлі жағдайлар болып, адамдар орта жастан асып, не егде тартқан кездерде жалғыз қалып жатады,-деді Алтынай Ғалымқызы.-Біздің осындай іс-шараларымызда сондай жалғыз басты жандар танысып, отбасын құратындар да бар. Сондықтан мұндай кештің маңызы зор».
Іс- шара барысында қаладағы өнер ұжымдарының әртістері әсем әндерді әуелетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жұбан МҰРАТ