20.09.2021, 12:41

Оралда азық-түлік тауарларының көрмесі өтті

Фото: Томирис Сұлтан

Оралда «Қала күні» мерекесіне орай «Сапалы өнім – 2021» азық-түлік өнімдерінің көрмесі өтті. Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылған дәстүрлі көрмеге қаладағы 20 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жәрмеңкені аралап, барлық қатысушылар ұсынған өнімдермен танысып шықты. Тұрғындарды мерекемен құттықтап, көрме-жәрмеңкеге қатысқан кәсіпорындарды марапаттады.

–  Бүгін міне, дәстүрге сәйкес қаламыздың әр түкпірінде әртүрлі мәдени-спорттық шаралар оздырылып жатыр. Сонымен қатар өзіміздің жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген «Сапалы өнім» жәрмеңкесі де лайықты жалғасын тауып отыр. Барлық кәсіпкерлерге сапалы өніммен қоса, жаңа жұмыс орындарын ашуға өз үлестеріңізді қосып отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, – деді Абат Абайұлы.

Көрмеде үздік тауар өндірушілеріне шаһар басшысының арнайы алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Атап айтқанда, «Белес» компаниялар тобы, «Валиев» ЖК, «Нұржанар» АҚ, «Колбасы Приуралье» ЖШС, «Жайық Ет», «Жастық «Орал нан зауыты» агрокешені, «Орал құс фабрикасы» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы мен басқа да тауарөндірушілер бар.

 – Өткен жылғы сәуір айында құс фабрикасында жаңа цех ашылды. Қазіргі уақытта сегіз цех жұмыс жасауда. Тәулігіне 300 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Өнім еліміздің өңірлеріне жіберіледі және көршілес Ресейге экспортталады, – дейді «Орал құс фабрикасы» ЖШС-ның өкілі А.Әжігереева. 

Айта кетейік, аталмыш көрме 13-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Томирис СҰЛТАН