Оралда жаңа спорт мектебі ашылды

Орал қаласына қарасты Зашаған кентінде облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі пайдалануға берілді.

Оралда жаңа спорт мектебі ашылды
Фото: Томирис Сұлтан

Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын мектепті «АОЗТ КПО б.в» компаниясының тапсырысымен «KazConstructionGroup» ЖШС салған. Спорт мектебінде волейбол, баскетбол, гандболға арналған ойын залы, боксшыларға арналған қос ринг бар. Сонымен қатар велоспорт, триатлон, садақ атудан жаттығады. Ғимараттың барлық залдарында заманауи жабдықтар орнатылған.

 — Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын еліміз бойынша кемі 100 дене шынықтыру кешендерін салу туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында облысымызда 10 ірі спорт кешендерін пайдалануға бермекпіз. Тағы да қуантарлық жайт, дене шынықтыру нысандарын ашуға тек мемлекет қаржысын жұмсамай, жеке секторды да тартудамыз. Осы орайда, кәсіпкерлердің көмегі зор. Бүгінгі ашылғалы отырған спорт кешені соның айғағы. Бұл қала күні мерекесіне үлкен тарту болды, — деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуына бокстан олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокстан IBF Inter-Continental тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы Данияр Елеусінов арнайы келді. Даңқты жерлесіміз оралдықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, мектептің болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектестігін білдірді.

Мектептің директоры Есенгелді Айсағалиевтің айтуынша, мектепте  10-23 жас аралығындағы 600-ден астам балалар мен жасөспірімдер жаттығады. 37 жаттықтырушы жұмыс жасайды.

Томирис СҰЛТАН