Осыдан бес жыл бұрын Оралдағы оқушылар сарайында олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылған болатын. Бұл орталықта бүгінде 800-дей өрен жаттығады.
«Қала күні» мерекесі аясында туған жеріне келген боксшы, олимпиада чемпионы, әуесқой бокстан әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері Д.Елеусіновты Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қошеметпен күтіп алды. Сарай фойесінде «Сәулет ғимараттары сыр шертеді» көрмесі таныстырылды.
Бокс залында өткен кездесуде болашақ чемпиондар олимпиада чемипионына сауалдарын қойды. Данияр Маратұлы мақсаттың айқын болуы жеңіске жеткізетінін айтып, боксқа қадам басқан балғындарды жігерлендірді.
Чемпионмен кездесуді асыға күткен балалар былғары қолғаптары мен спорттық жейделеріне қолтаңба қойдыртып, суретке түсуге асықты.
– Өзім өніп-өскен өлке мен үшін әрқашан ыстық. Өз атымдағы орталыққа келіп, жас боксшылардың көздеріндегі жалынын көріп өте қуанып отырмын. Осы балалардан чемпион шығады деген ойдамын. Болашаққа жоспар-мақсат көп. Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында бокс кешін ұйымдастыру жоспарлануда. Қазір дайындық жүргізудемін, – деді Данияр Елеусінов.
Томирис СҰЛТАН