Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Елімізде байлар кедейлерден алты есе көп жалақы алады

Кедей қазақстандықтардың он пайызы адам басына 33 мың теңгеге күнелтеді екен.

Елімізде байлар кедейлерден алты есе көп жалақы алады
фото: alashainasy.kz

Ұлттық статистика бюросы еліміздегі байлар мен кедейлер жалақысының айырмашылығын есептеп шығарды деп хабарлайды Paryz.kzExpress Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

2021 жылдың екінші тоқсанындағы мәлімет бойынша, байлар кедейлерден алты есе көп жалақы алады екен. Демек, тұрмысы жақсы азаматтар мен жұпыны тұратындар адамдардың табысында алты есе алшақтық бар. Бұл тұрғыдан Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Айырма жеті есеге дейін жеткен. Ел бойынша Павлодар мен Ақмола айырмасы ең аз аймақ болып тұр. Елордада айырмашылық төрт есе болса, Шымкент пен Маңғыстауда үш есеге жуықтайды.

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, халықтың табысына, бай мен кедейдің арасындағы алшақтыққа аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі де әсер етеді.

Қазақта: "Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа" деген жақсы бір сөз бар. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Мәселен, бір аймақтар донор болса, екінші бір аймақ дотацияда отыр. Сондай-ақ жергілікті басшылықтың осы бағыттағы Президенттің тапсырмаларын қаншалықты дұрыс орындап жатқаны да көп нәрсеге ықпал етеді, — дейді депутат.

Кедей қазақстандықтардың он пайызы адам басына 33 мың теңгеге күнелтеді екен. 115 мыңнан миллион теңгеге дейін табыс табатындар (он пайыз) молшылықта өмір сүретіндердің қатарына жатқызылған. Байлардың 10 пайызы ай сайын — 320 млрд теңге, ең азы — 54 млрд теңге табыс табады.

Саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасов шынайы айырмашылық одан да көп екенін айтады.

Өркениетті елдерде ең жоғарғы жалақы мен ең төменгі жалақының арасы аса көп емес. Бізде шынайы айырмашылық 55 есеге дейін барады. Бізде қарапайым жұмысшы айына 100 мың тапса, банктер мен корпорациялар басшылары 7 миллионға дейін жалақы алады. Бізде орташа жалақы 170 мың шамасында. Статистикалық есеп осы көрсеткіштерден құралады, - дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, елімізде жалақы көбіне корпоративтік, кландық мүдделер тұрғысынан қойылады. Бұл әлеуметтік әділетсіздік қағидасын бұзады.

Жағдай ушыға берсе, мұның арты әлеуметтік жарылысқа әкеп соғуы ықтимал. Бұған жол бермеу үшін ата-анасының қолдауына ғана сүйеніп отырған жастардың мәселесі алдымен шешілуі тиіс, - дейді Сайын Борбасов.