Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар жасауда. Түрлі түсіндіру жұмыстары, сан алуан іс-шаралар, жүздеген дәрістер әлеуметтік желілерде жүргізіліп, БАҚ-та жариялануда. Бұл жолғы тарқатылған тақырып «Исламдағы білім алудың маңыздылығы» жайында болды.
Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев аталған тақырып бойынша көпшіліктің көкейіне қонатын маңызды жайттарға тоқталды:
«Қай дінде, қай қоғамда, қай өркениетте болмасын білім-ғылымның маңыздылығы ерекше. Адамзаттың дұрыс өмір сүруі үшін дұрыс қоғам қалыптастыруымыз керек. Ол үшін ілім-білім қажет. Негізінде тек ислам ғана емес, хақ дін білім-ғылымға қарсы келмеуге тиіс. Ал исламға келсек, оны көпшілік біледі, Құранның ең алғашқы аяттары білім-ғылымға қатысты түскен және орта ғасырда ислам өркениеті әлемдік өркениет ретінде танылған. Орта ғасырда мұсылмандар, жалпы ислам әлемі тек қана дін емес, барлық салада әлемдік өркениет қалыптастыруға үлкен үлес қосты.
Ренесанс кезеңі ислам негізінде қалыптасқаны белгілі. Ислам өркениетінің алғашқы кезеңінде мешіттердің жанында медреселер болды. Біз қазір медресе, мешіттерге діни объект ретінде қараймыз. Тарихта мешіттер, медреселер ғылым ретінде де өз функциясын атқарған. Мысалыға, араб әлеміндегі Әл-Асһар, Қайрауан университеттерінің мың жылдан асқан тарихы бар. Орта ғасырда мешіттердің жанында медресе ретінде қалыптасып, қазіргі біздің тілмен айтқанда, зайырлы пәндер де оқытылып, көптеген салада мұсылман ғалымдары жетілді.
Құран Кәрімде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде білім-ғылымға, білім алушыға, білім иесіне және білім үйретуші тұлғаға қатысты, басқа да діни мәтіндер өте көп. Діндегі білімнің артықшылығы жайлы дінге қызығатын адамдар түрлі кітаптардан оқыса болады. Материалдар көп.
Құранда алты жүзден астам аят білім-ғылымға қатысты. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде де білімді діни аспектіде оның сауабын, дүниедегі және ақыреттегі артықшылығын айтады. Көп мотивация береді. Ислам тарихында біліммен шұғылдану және ілім алу үшін сапарға шығу туралы арнайы кітаптар жазылған. Білім алу үшін сапарға шығу исламның кейбір салаларында шарт саналған. Құран-хадис, кейбір діни мәтіндерде білім жалпы айтылған. Тек дін ілімдерін ғана айтты деп шектеу кейбір жағдайларда дұрыс болмауы мүмкін. Жалпы біздің естіп, көріп, біліп жүрген ислам діні адам өмірінің барлық саласын қамтиды, тығыз байланысты. Ал біздің отбасымыз, жеке өміріміз, қоғам білім-ғылымсыз болмайды. Айталық өмір сүруіміз үшін тамақ ішуіміз, киім киуіміз керек. Ал оны өндіру, шығару үшін ілім қажет немесе мұсылман құлшылық қылуға құбыласын іздейді. Құбыланы табу үшін белгілі бір деңгейде география, астрономия ілімі қажет. Мұсылман адам адал ас ішуі керек. Ол үшін оны зерттеу керек. Адам әуретін жабу үшін киім қажет. Ол киім адамға зияны тимейтін, дұрыс нәрселерден алынуы қажет. Оған біз жан-жануарлардың терісін, жүнін пайдалануымыз мүмкін. Киім халіне жеткенге дейінгі процесті біз меңгеруге тиіспіз. Міне, мұны зерттеуіміз қажет, ілім керек. Алла Тағала Құранда айтады: «Біз темірді түсірдік. Ол темірде сендерге пайда бар. Қажеттіліктеріңді содан аласыңдар» дейді. Бірақ ол темірмен біздің өміріміз, бүкіл техникамыз, технологиямыз байланысты. Құран астарлап, бізге ілім алуды білдіріп тұр. Сол темірді өзіміздің өмірімізге, қоғамымызға, игілігімізге асыру үшін білім-ғылым қажет. Дұрыс дін ешуақытта білім-ғылымға қайшы келмейді. Жалпы дін білімге, ғылымға, мәдениетке, өнерге, өркениетке негізделуге тиіс. Егер біз дінді білімнен, ғылымнан, мәдениеттен, өнерден, өркениеттен ажырататын болсақ, онда бізде радикалды діни сана қалыптасады. Адамның діні оның өмірін қамтиды. Ал өмірдің сан саласы, сан қыры бар. Отбасыңда, қоғамда әлеуметтік, мәдени, құқықтық, саяси сияқты түрлі қарым-қатынастар бар.
Дін осының бәрін қамтиды. Қоғамда өмір сүргеннен кейін қатынастардың сан саласында біз әртүрлі жағдаяттарға кездесеміз. Сауда-саттық болса, одан өзіндік мәселе туады. Дін осылардың этикалық, шариғи, нормаларын бекітеді. Оны мұсылмандық құқықта, сауда-саттық тарауында үйретеді. Ол да ілім.
Қоғам болғаннан кейін қылмыс, қателік, әдейі емес немесе саналы түрдегі жағдаяттар орын алуы мүмкін. Оған дін және зайырлы құқық жауап береді.
Білім – көзге көрініп тұрған материалдық әлемді зерттеу. Ілім – рухани дүниелер. Ал материалды және рухани, яғни, білім мен ілімнің бірігуін ғылым деп айтамыз. Әрине, қатып қалған қағида немесе заңдылық емес, бұларды синоним ретінде де қолдана береміз. Дін адам өмірінің барлық саласымен тікелей қатысты. Адам түрлі жағдаяттармен жолығады. Сол жағдаяттарға сай әрекет ету үшін дін ғылым ретінде бізге осыны үйретеді. Мұсылмандық құқықтың сан саласы бар. Исламда моральдық-этикалық нормаларды зертейтін ахлақ ілімі бар. Бұлар зайырлы құқықта да бар. Бір-бірінен көп алшақтамайды.
Біз дінімізді білуіміз үшін өмірдегі жағдаяттарды түсінуіміз керек. Кейбір адамдар дінді Құдай мен адам арасындағы қарым-қатынасты ғана зерттейді деп ойлайды. Шын мәнінде дін бұл қарым-қатынасты ғана зерттемейді. Мұнымен қоса дін адам мен адамның бір-бірімен қарым-қатынасын зерттейді. Бұл – қоғамдық қатынастар. Білім-ғылымсыз ешбір дін өмір сүре алмайды».
Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ деген сөз бар. Иә, аталы сөз. Бірақ, бүгінгідей ағыны қатты ақпарат заманында нені оқып, нені білу керектігінен жаңылған жандар аз емес. Олар жат ағымның жалған дініне шырмалып, келешегіне балта шауып жатқаны жұртымыз үшін жүрек ауыртарлық жағдай. Адасудың аржағы экстремизм мен терроризмге ұласса, ұлтымыз үшін аса қауіпті. Сақтанайық! Сақ болайық!
Еділ АНЫҚБАЙ