Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Мектеп формасын бірыңғай ету – әлемдік тәжірибе

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ата-аналар мен оқушылар үшін есте сақтауға тиіс жадынама ұсынады. Зер салып, зейін қойып оқыған адам бұл жадынама арқылы жат ағымның жетегінде кетпейді.

Мектеп формасын  бірыңғай ету – әлемдік  тәжірибе
Фото: malim.kz

Барлық адам бірдей емес. Қабылдау деңгейі, түсінігі әртүрлі. Мәселен, бір азаматтар ескертіле салғаннан-ақ нәтиже шығарады, ал енді біреулер он қайталсаң ғана ойлануы мүмкін. Кейбірі тіпті қабылдамайды. Олай дейтініміз тәуелсіз ел болып, дербес шаңырақ көтергеніне отыз жыл болған Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін әлі күнге дейін түсінбей, кері кетіп жүргендер көпшілік арасынан табылады. Әрине, олар өздігінен емес, исламның атын жамылған деструктивті діни топтардың әсерінен кері кетіп жүр. Асыл дініміз исламды танымай, ойдан тауып, теріс пиғылмен құрылған тұзаққа түскендер мемлекетке, заң нормаларына бағынғысы келмейді.

Қазақстан Республикасы көпконфессиялы мемлекет. Барлық діндер заң алдында бірдей. Сол теңдікті сақтауы – зайырлылық. Зайырлылықты қарапайым тілмен түсіндірсек, түрлі дін, сан алуан ұғымдағы адамдарды мемлекет белгілеген заң нормалары арқылы бір өзекке топтастыру, ортақ тілге келтіру. Ата заң – Конституцияда мемлекеттің зайырлылық сипаты бекітілген.

Осы сипат бойынша қандай да бір діннің артықшылыққа ие болуына жол берілмейді. Айталық Қазақстандағы білім жүйесі ата-анасының діни нанымына қарамастан әр баланың орта білім алуын қамтамасыз етіп, жағдай жасаған. Сонымен қатар балаларды өнерге, спортқа және зияткерлік дамуға баулу арқылы білім беріп қана қоймай, олардың тұлғалық дамуын көздейді. Яғни,  жат ағымның жалған дініне шырмалған кейбір ата-аналардан гөрі баланың болашағын, оның келешекте салауатты өмір сүруін тереңнен, кеңінен ойластырған деуге болады және ислам діні бүкіл адамзатты білім алуға шақырады. Демек балаға зайырлы білім беру – әрбір ата-ананың азаматтық міндеті, мұсылмандық парызы.   

Қазақстандағы мектептер зайырлы сипатта. Қазақстанның білім-ғылым, әділет, дін істері және азаматтық қоғам министрліктері қыз балаға діни атрибутика киюге тыйым салу туралы жариялаған.

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрықпен мектеп формасы үшін бірыңғай қағидалар енгізді. Заңнама нормалары Қазақстандағы барлық конфессиялар мен эnнос өкілдері үшін бірдей. Бұл дегеніңіз мектепте бекітілген киім формасы бар және ол барлық оқушыларда болуы қажет. Ештеңе баланың көңілін білім беру процесінен басқа жаққа аудармаға тиіс. Мектеп формасын бірыңғай ету – әлемдік  тәжірибе және бұл балалардың ынтымағын арттырады. Сонымен қатар бірыңғай форма экстремизмнің алдын алу құралы ретінде туындаған. Діни атрибука дінаралық алауыздықтың туындауына себепші болуы мүмкін.

Қыздарының мектепте діни атрибутика киюін қолдайтын ата-аналар:

зайырлылық принциптерімен және тарихи тұрғыда қоғамда қалыптасқан рухани теңдік құндылықтарымен келіспейтінін білдіреді;

Зайырлы білім және онымен байланысты нормалар мен қағидалар ата-аналар мен балалардың дін таңдау еркіндігін шектемейді. Оқушылардың діни сезімдерін аяқаcты етпейді.

Мемлекеттің заңын сақтау және құрметтеу әрбір азаматтың маңызды міндеті. Ата-аналар сапалы білімнің баланың болашағы үшін аса қажет екенін ұмытпаулары қажет. Осы айтылғандарға мән бергендеріңіз абзал. Ислам тұрғысынан келетін болсақ, «Егер білмесеңіздер, білетін адамдардан сұраңыздар» деген Құран Кәрімнің  21-сүресі, 7-аятында.

Қыздарына зайырлы білім бере отырып, мұсылман ата-ана өз отбасында балаларын діни дәстүрмен таныстыруға, ғұрып-салтты ұстануға тәрбие беруге тиіс. Отбасында нағыз мұсылман болыңыздар – сонда қыздарыңыз сіздердің

тәжірибелеріңізді бүкіл өміріне жетерлік етіп бойына сіңіреді. «Ананың iзiн қыз басар, атаның iзiн ұл басар». Әрбір ата-ана ұмытпауы керек: оның өмірі, оның мінез-құлқы – бұл бала үшін үлгі.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма бұл жадынаманы жас ұрпақтың болашағы үшін ұсынып отыр. Әр ата-ана бұған бей-жай қарамайтынына сенім мол, үміт зор.

 

                                                            Еділ АНЫҚБАЙ