Орал қаласында 460 шақырым электр желісі болса, соның 2%-ы ғана тарифтегі қаржы есебінен жаңартылуда.
Әлі екі нысан жаңартылмақ. Биылға жоспарланған жөндеу жұмыстарының барлығы қазан айында аяқталуы тиіс. Электр желілерінің 80%-дан астамының тозығы жеткен. Өйткені желілер мен құрал-жабдықтардың дені өткен ғасырда салынып, іске қосылған. Бұл туралы Орал қалалық электр желілері филиалының басшысы Сергей Доля мәлімдеді.
-Круглоозерный кентінде 10 киловольттық 3,7 шақырымдық әуемен жүргізілген электр желісін күрделі жөндеуден өткіздік. Бұл желілер ауылдың негізгі бөлігін электрмен қамтиды. Қалған бөлігін алдағы жылы аяқтаймыз. Биыл Оралдағы 0,4 киловольттық екі шақырымдық кабель желісі жаңартылды. Оның ішінде Құрманғазы көшесі 177, 179, Жәңгір хан даңғылы 13, 18/1, Деркөл кентіндегі Кольцевая 14, 16 және басқа да мекенжайдағы барлығы 10 шақты үйге қуат жеткізетін жер асты кабель желілері жаңасымен ауыстырылды. Қазіргі кезде қалалық электр желісі қызметі мекемесі ауданындағы Чкалов, Ақтөбе, Алматы көшелеріндегі әуе электр желілері жөнделуде. Бұл ауданда 4 шақырымдық желі жаңартылады. Бүгінде 150 электр бағаны орнатылды. Енді қаптамалы сымның жеткізілуін күтудеміз, содан кейін іске қосылады. 04 киловольттық әуе желілері тұрғын үйлерді электр қуатымен қамтиды. Мұндай желінің бес шақырымдайын жаңарту жоспарланды, - деді Сергей Доля.
Жұбан МҰРАТ