Оралда «Қала күніне» орай ұйымдастырылып жатқан «Jaiyq film fest» фильмдер фестиваліне жалпы 100-ден астам жұмыс түскен. Фильмдер қысқа метражды және деректі фильмдер бағыттары бойынша қаралады.
Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Франция, Белорусь елдерінің үміткерлері жұмыстарын ұсынған. Ұйымдастырушы Алпамыс Шәрімовтың айтуынша, түскен өтінімдердің ішінде іріктелген 30 жұмыс көрсетілмек. Байқауға түскен кинолар әр түрлі: жаңа бағыттағы кинокартиналар және биылғы «Канн» фестиваліне қатысқан туындылар, Қазақ ұлттық өнер уиверситеті, Тұран университеті, Жүргенов университеті студенттерінің жұмыстары бар. Сонымен қатар оралдық Аманат Рзағалиевтің «Нағашымның әңгімесі», Жасқайрат Валиуллиев пен Бұлбұл Сапарғалиеваның «Қоңырау» картиналары жүлдеден үмітті.
– Ерекше үлгіде түсірілген кинокартиналар бар. Алғаш рет ұйымдастырылып жатқан фестиваль болғандықтан, аса үлкен картиналар бола бермейді. Өйткені фестивальдің деңгейі туралы білмейді. Десек те біздің команда жақсы бағдарлама дайындадық. Әр елмен тығыз байланыс жасадық. Бұл ретте мен «Канн» фестивалін ұйымдастырудағы, «Еуразия» кинофестивалін ұйымдастырудағы тәжірибемді туған өңіріме беруді жөн көрдім, – дейді «Qaiyr» қайырымдылық қорының төрағасы Алпамыс Шәрімов.
Фильмдер фестивалі аясында режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Конокрады» фильмінің тұсаукесері өтеді. Бұл фильмнің таныстырылымы 2018 жылы Канн фестивалінде өткен болатын. 2019 жылы Пусанда халықаралық кинфестиваль осы фильммен ашылып, қазіргі уақытта Францияда прокатқа шыға бастады. Ал Қазақстанда тұңғыш рет Оралда көрсетілмек.
Сондай-ақ осы фильмдер фестивалі аясында бүгін республикалық «Jas tolqyn» журналының тұсауы кесілді. Кино және телевидениеге арналған жаңа журналды құрылтайшысы Талғат Тайшанов таныстырды.
Фестиваль аясында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде актрисалар мен операторлар шеберлік сағаттары бар.
Фестиваль 17 қыркүйек күні қорытындыланады.
Томирис СҰЛТАН