Бүгін, 16 қыркүйек күні Оралда «Қала күні» мерекесі аясындағы басты шаралардың бірі «Jaiyq film fest» фильмдер фестивалі басталды. Фестивальге белгілі режиссерлар, продюсер-сценаристер мен актерлар арнайы шақырылған. Шара қонақтарын қала әкімі Абат Шыныбеков қабылдады.
– Еліміздің мәртебесін мәдениет саласында, оның ішінде киноиндустрияда көрсетіп жүрген танымал тұлғаларлың Орал өңірінде жиналуы біз үшін зор қуаныш. Жылдағы дәстүр бойынша қыркүйек айында «Қала күні» өткізіліп келеді. Өткен жылы шаралардың 90 пайызы онлайн форматта өтті. Пандемия жағдайында өмір сүруге бейімделіп, биыл карантиндік шектеулерді сақтай отырып, шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономиканы көтеруде, әлеуметтік саланы, мәдениетті дамытуда жұмыстануымыз қажет. Осы ретте алғашқы халықаралық фильмдер фестивалін өткізуді жоспарлаған едік. Фестивальдің мақсаты – жас режиссерлерді, актерларды көтеру, кино шеберлерімен бір алаңда бас қосуына мүмкіндік жасап, тәжірибе алмасу. Біздің бастамамызды қолдап келгендеріңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз, – деді кездесуде қала басшысы Абат Шыныбеков.
Орал қаласы – тарихқа бай, ғалымдар мен өнер майталмандары шыққан өлке. Осыдан 51 жыл бұрын Оралда «Қыз Жібек» кинофильмі түсірілді. Басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова – Жайық өңірінің тумасы. Меруерт Қаратайқызы осы фестивальдің басты қонағы әрі фестиваль қазылар алқасының төрайымы. Мәртебелі мейман Жайық жеріндегі, Қыз Жібектің еліндегі фильмдер фестивалінің дәстүрлі шараға айналуына тілекші екенін жеткізді.
– Кино – үлкен әлем. Мұндай фестиваль жастар үшін өте қажет. Біздің тарихымызды бұрын түсірілген деректі, көркем киноларды көру арқылы біледі. Актерларды таниды, сол қоғамның өмір сүру жағдайын біле алады. Бүгінгі кинолар мен бұрынғы туындыларды салыстырсақ, үлкен айырмашалықты байқаймыз. Қазіргі жастардың көзқарасы бөлек. Өмір бір орында тұрып қалмайды. Сондықтан түсіне білуіміз керек, қабылдауымыз керек, – деді Меруерт Қаратайқызы.
Фестиваль қонақтарының қатарында кино және театр актрисасы, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері Меруерт Өтекешовамен қатар, режиссер-сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов, продюсер-сценарист, көптеген деректі фильмдердің режиссері Айгүл Черендинова, танымал оператор, продюсер Талғат Тұрғанбайұлы, продюсер, сценарист, режиссер Жеңісхан Момышев, актриса, «Канн» фестивалінің жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова, кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, актриса Дариға Бадықова бар.
Айта кетейік, «Jaiyq film fest» деректі және қысқа метражды фильмдер фестивалін Орал қаласы әкімдігінің және «Qaiyr» қайырымдылық қоры ұйымдастырған.
Томирис СҰЛТАН