Оралда Қала күні қарсаңында кезекте тұрған жандарға арналған көпқабатты арендалық тұрғын үй табысталмақ. Зашаған кентіндегі үйге 198 отбасы қоныстанбақшы.
Жалпы қазіргі таңда Орал қаласында 21 мыңнан астам азамат түрлі санат бойынша баспана кезегінде тұр. Мамандар жыл сайын 1000-ға жуық жан қоныс тойын тойласа, олардың орынан кезекке 1000-1500 адам тұратынын айтады. Баспана кезегіндегі азаматтар бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алу мүмкіндігіне ие.
Мәселен, үйдің 20 пайыздық бастапқы жарнасын жинап, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса алады. Және атқарушы биліктің кезекте тұрған жандарға арналған «Шаңырақ» пилоттық жобасы да бар. Үйдің бастапқы жарнасының 10 пайызын жинап, несиені 20 жылға рәсімдейді. Айта кетейік, қазір баспана кезегіндегілерге тұрғын үй сертификатын беру жүріп жатыр. Ол сертификатты «Көп балалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар» санатындағы және мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау салаларында қызмет ететін қажетті мамандар ала алады.
Жұбан МҰРАТ