Сергей Кульпин Орал қаласының дамуына өзіндік үлесін қосты

Орал қаласындағы Достық үйінде танымал журналист, Қазақстан Жураналистері одағының, Қазақстан халқы ассамблеясының  мүшесі Сергей Кульпиннің 70 жасқа толуына орай іс-шара өтті.

Сергей Кульпин Орал қаласының дамуына  өзіндік үлесін қосты
Фото: Жұбан Мұрат

Айта кетейік, С.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген оның өмір жолы Орал өңірімен байланысты. Жергілікті басылымдарда, соның ішінде «Приуралье» газетінде жұмыс істеген жылдары ол Орал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, шаһардағы өзекті мәселелер, қала тұрғындарын толғандырып жүрген жайттар туралы көптеген мақала-материал жазды. Көтерілген мәселелердің аяқсыз қалмауына мән берді. Сөйтіп Орал қаласының дамуына өзіндік үлесін де қоса білді. Оның мерейтойы Қала күнімен тұспа-тұс келуін де жай сәйкестікке балау қиын. Саналы ғұмырын «Приуралье» газетіне арнаған ол соңғы жиырма жылға жуық уақыттан бері  Орал қалалық «ИНФОРМБИРЖА news» басылымының шеф-редакторы болып еңбек етуде.

Шара барысында әріптестері, достары, замандастары Сергей Павловичтің адамгершілік қырлары, кәсіби біліктілігі туралы айтты. Сондай-ақ ел тәуелсіздігінің елең-алаң шақтарындағы қиындыққа қарамастан баспөз саласындағы еңбегі, іскерлік қырлары туралы да сөз болды.

Жұбан МҰРАТ