Үздік әзіл-қалжыңдар ортаға салынды

Оралда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қала күніне арналған «Stand Up» шоу-концерті өтті.

Үздік әзіл-қалжыңдар ортаға салынды
Фото: Жұбан Мұрат

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Жас дем» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараның мақсаты - жастар арасында жеке авторлық монологтар, қысқа әзілдер, көрермендермен импровизация, әзіл әндер, қойылымдар жанрын дамыту.

Шоу-концертте өнерпаздар Оралдың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы және қала тұрғындарының ерекшелігі жайлы жазылған үздік әзіл-қалжыңдарын ортаға салды. 

Әділқазылар алқасының құрамындағы «Назар аудар» театрының актеры Самат Қабдиев, «Рудный» жайдарман құрамасының капитаны Қалу Берек, БҚО қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы жастардың аяқ алысын жоғары бағалап, қоғамдағы көріністерді әзіл арқылы жеткізудің жолдарымен де бөлісті.

Нәтижесінде Темірлан Өтеғалиев жоба жеңімпазы болса, Нұркен Қарипулов екінші орынды місе тұтты. Ал келесі жүлде Қасиет Кәрімге бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Жұбан МҰРАТ