15 қыркүйекте Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде балабақша үшін жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Бұл нысанға кенттегі №23 бөбекжай көшіріліп, балаларды көбірек қабылдауға мүмкіндік жасалды.
№23 бөбекжай бұған дейін мектеп ғимаратында орналасқан болатын. Кентте мектепке дейінгі жастағы 200-дей бала болса, соның 50-ін ғана қамтуға мүмкіндік болды. Ал жаңа ғимаратқа көшірілуімен қосымша топтар ашылып, орын саны көбейтіліп отыр. Қала әкімі Абат Шыныбеков қаланың құрамдас бөлігі саналатын Круглоозерный кентінің даму көкжиегі кең екенін, болашақта тұрғындары да көбейе түсетінін атап, осы ретте мектепке дейінгі ұйымдар мәселесін шешудің маңыздылығын жеткізді. Сондықтан жеке инвесторларды тартуда жұмыстар жүргізілуі қажет.
– Балабақшаның типтік үлгідегі, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге бейімделген ғимаратта орналасуы маңызды. Сондықтан облыстық бюжеттен тиісті қаражат бөлініп, кенттегі ғимаратты жаңғыртудан өткізу арқылы бүлдіршіндеріміздің қолайлы ортада тәрбие алуларына мүмкіндік жасалды. «Берсең балаға бер, болашағы оның зор» дегендей, міне, Круглоозерный кентінде көптен күткен заманауи балабақша ашылып отыр. Екіншіден балаларды қамту көлемі ұлғайды. Қазіргі уақытта Кругоозерный кенті даму жолында. Көпқабатты үйлер салынып, қоныстанушылар көбейді. Жыл соңына дейін жаңа жер телімдері пайдалануға беріле бастайды. Халық санының өсуі кентте кәсіпкерлік нысандарының, өндіріс орындарының артуына ықпал етеді деген сенімдемін, – деді Абат Абайұлы.
Жаңа нысанды жаңғырту жұмыстарын «Қамқор Құрылыс» ЖШС жүргізген. Жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, заманауи үлгіде безендірілген. Балаларды дамыту құралдары толықтай қамтамасыз етілген.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, қазіргі уақытта шаһардағы 16 мыңдай бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымда тәрбие алады. 3-6 жастағы балалар 100 пайыз, 1-6 жастағыларды қамту 75,5 пайыз деңгейінде. Мемлекет басшысы қойған балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткішін арттыруда жеке балабақшалардың ашылуы оң септігін тигізіп отырғанын атап өту керек. Қазіргі уақытта қалада 50 мемлекеттік балабақша болса, 84 жеке балабақша мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасауда.
Томирис СҰЛТАН