Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Оралда 16 ұңғыма қазылды

Жайық өзені тайызданып, суы тартылуына байланысты Оралдағы «Жайық жылу қуат», «Батыс су арнасы» кәсіпорындары су алу мөлшерін азайту бағытында жұмыстануда.

Оралда 16 ұңғыма қазылды
Фото: Жұбан Мұрат

Соған орай бүгінде Трекин аумағындағы жер асты су қоры орнынан ұңғыма қазып, қалаға су беру жобасы жасақталды. Осы жоба негізінде биыл 16 ұңғыма қазылды. Тағы 5 ұңғыма қазылады. Бұрын ондағы су мұнарасы қалалықтарға тәулігіне 25-30 мың текше метр су беретін болса, ұңғымалардың барлығы іске қосылғаннан кейін су мөлшері 40 мың текше метрге жетпек.

- Ендігі өзекті мәселе – суды  қалаға жеткізу. Осы мәселені шешу үшін бізге жұмыс істеп тұрған су сорғыларын қайта құру, жаңғырту және жаңасын салу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға тапсырма берілді. Одан басқа шаһарға суды жеткізетін қосымша құбыр салу керек. Бұған қомақты қаржы қажет. Қазір қаржы мәселесі шешілуде. Жайықтан су сорып,  оны тазалайтын қондырғы   жобасы жасақталып жатқанына үшінші жылға аяқ басты. Биыл сол жоба сараптамадан өтуі тиіс. Жобаның бастапқыдағы құны 7,2 млрд теңге болды. Биыл металл бағасы екі есе қымбаттады, соған қарай жобаның құны қайта нақтыланатын шығар. Жобаға қаржы бөлініп, жүзеге асырылған жағдайда өткен ғасырдың 60-жылдары салынған су тазарту қондырғысы жаңаланады,-дейді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры Әнуар Аркенов.

Жұбан МҰРАТ