Оралда 6 мың шақырым жылу құбыры алмастырылды

Орал қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Жылуға жауапты мекеме «Жайықжылуқуат» АҚ соңғы гидравикалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Соған орай бір апта бойы шаһардағы көп қабатты үйлер ыстық судан ажыратылып жатыр.

Оралда 6 мың шақырым  жылу құбыры алмастырылды
Фото: Жұбан Мұрат

Бүгінде Оралда 1208 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 785-і пәтер иелері кооперативтеріне қарайды. 43 баспана мүлік иелерінің бірлестігіне өткен. Ал 350 үй ешбірінің есебінде жоқ. Мамандар осы үйлерді қысқы жылу маусымына дайындау қиынға соғатынын айтады. Себебі үйлерде маусымға дайындық жұмыстары жүргізілмейді.

Биыл қалада 6 мың шақырым жылу құбыры алмастырылған. «Жайықжылуқуат» АҚ инвестициялық жобасы есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге 198 млн. теңгедей қаражат бөліпті.

Мекеме үшін «бас ауыртар» мәселенің бірі - тұрғындардың бережағы. Қазіргі таңда оралдықтардың коммуналдық төлем үшін 389 млн. теңгедей қарызы бар.

Айта кетейік, өткен жылдары аталмыш мекеменің көгілдір отын үшін өте үлкен сомада қарызы бар еді. Бережақ көбейген шақта оралдықтар ыстық судан ажырап қалған еді. Жергілікті атқарушы билікпен осы қарызды жабылып, мұндай қиындықтан құтылған еді.

Жылуға жауапты мекеме өкілдері 3 күн бойы ауа температурасы сегіз градус болып сақталса, әлеуметтік нысанар мен пәтерлерге жылу берілетін мәлімдеді.

 

Жұбан МҰРАТ