Оралда сән көрсетілімі өтті. Оған Ақ Жайық өңіріндегі ғана емес, еліміздің өзге қалаларынан, Өзбекстаннан арнайы келген дизайнерлер өздерінің авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.
Сән көрсетілімде ұлтты киімдерінен бастап қыз-келіншектердің кешкі көйлектері, ересектер мен балаларға арналған күнделікті киімдер топтамасы оралдықтарға таныстырылды. Жалпы 9 дизайнердің қолынан шыққан туындылар кеш қонатарының ерекше қызығушылығын туғызды.
Қала күні мерекесі аясындағы бұл шараға Өзбекстаннан келген дизайнер София Ашур жібектен тоқылған киім топтамаларын әкелген. Оның айтуынша, бұл киімдер сапалығымен ғана емес, кір жуатын машинада жууға, үтіктеуге ыңғайлылығымен де ерекшеленеді. Ал ақтаулық дизайнер Әсел Сағи классикалық стильдегі күздік топтамаларын әкелген. Ол отандық өнімдерге сұраныс артып келе жатырғанын айтты. Сондықтан отандық дизайнерлер сапалы әрі қол жетімді өнімдер өндіруге күш салуда.
Шарада Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев дизайнерлерді және шараның өтуіне қолдау білдірушілерді Орал қаласы әкімінің атынан алғыс хаттармен марапаттады.
Жұбан МҰРАТ