Орал қаласында ашылған «Қарақат» мектеп-студиясының балғын өнерпаздары «Қала күні – 2021» іс-шаралары аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен кешке Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетті. Аталған бөлімнің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында сүйікті шаһарымыздың күніне орайластырылған мерекелік шараны ұйымдастыруға қалалық мәдени-ағарту бірлестігі ұйытқы болды.
Мерекелік шараға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев қатысып, «Қарақат» мектеп-студиясының ұжымына қала әкімі А.Шыныбековтың алғыс хатын табыстады.
Бүгінде өнер орталығы талай жеткіншекті білім нәрімен сусындатып, балалардың өміріне бағыт-бағдар беретін өнер мектебі болып жұмыс атқаруда. Он үш жылдық тарихы бар «Қарақат» мектеп студиясы қазір еліміздің 12 қаласында жұмыс жасап, қазақтың ән өнерін дәріптеуге үлес қосып келеді.
Томирис СҰЛТАН