Орал қаласында қоғамдық көліктер жұмысын қадағалауды автоматтандыру, электронды төлемдер енгізу, көлік инфрақұрылымын дамыту, автобус бағыттарын жетілдіру және парктерді жаңарту бойынша жұмыстар атқарылуда.
Соған сәйкес қыркүйек айының соңына дейін Орал қаласындағы қоғамдық көлікте электронды ақы төлеу жүйесін енгізу жоспарлануда. Енді жолақы электронды төлем бойынша 80 теңге, ал қолма-қол ақшамен 150 теңге болмақшы.
Айта кетейік, биылғы 16 маусымда «Smart Qala» ЖШС 6 оралдық жолаушы тасымалдаушы компаниямен өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Қазір Оралдағы №22 және №2 автобустар аталмыш жүйе бойынша жұмыс істеуде.
Орал қалалық ТҮКШЖК бөлімінің жолаушылар көлігі секторы таратқан мәліметке қарағанда, қазір тиісті құрылғылардың келуі күтілуде. Олар шаһарға жеткізілген бойда автобустарға орнатылады.
«Smart Qala» ЖШС енгізгелі отырған бұл жоба еліміздің Атырау, Ақтөбе, Семей және Павлодар қалаларында сәтті жүзеге асуда.