Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Оралда қолөнер жәрмеңкесі өтуде

Оралда «Қала күні – 2021» мерекелік іс-шарасы аясында «Ақжайық – шеберлер қаласы» атты қолөнер жәрмеңкесі басталды.

Оралда қолөнер жәрмеңкесі өтуде
Фото: Томирис Сұлтан

Қаланың орталығындағы Арбат бойында, яғни Дина Нұрпейісова көшесінде киіз үйлер тігіліп, оралдық қолөнер шеберлері өз бұйымдарын жәрмеңкеге шығарды. Биыл аталмыш жәрмеңкеге көршілес Ақтөбе қаласының шеберлері де келіп қатысуда. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Қырғызстан елінен де қонақтар күтілуде. 

 – Бұл дәстүрлі шара қаламыздың төл мерекесінің бастауы десек болады. Жәрмеңкеге қала тұрғындары мен қонақтары келіп, ісмерлер мен шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдарды тамашалай алады. Жәрмеңкеге жиырмадан астам қолөнершілер қатысуда. Ал 18 қыркүйек күні осы жәрмеңкені қаладағы білім беру ұйымдары ұсынатын гүлдер көрмесі толықтырады, – деді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.

Жәрмеңкеге жыл сайын тұрақты түрде қатысатын «МЕКО» дизайн-студиясының директоры Меңдібек Нұрғалиев жергілікті шеберлердің жұмысына қолдау көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

 – Біздің студия қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін тігумен айналысады. Осы жәрмеңкеге сөмке, бас киім, футболка сынды өнімдерімізді шығарып, халыққа ұсынудамыз. Мұндай іс-шаралар шеберлер үшін өте тиімді. Біз нәтижесінде тұтынушыларымыздың баға немесе сапа туралы сұраныстарынан, талап-тілектерінен хабардар боламыз, – деген студия директоры осындай жәрмеңкелер жиі өтіп тұрса деген ұсынысын да жеткізді.  

Жәрмеңкенің ашылу салтанатына орай қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтарының өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды. «Ақжайық – шеберлер қаласы» жәрмеңкесі 19 қыркүйекке дейін жалғасады.    

Томирис СҰЛТАН