Үздіктерге Орал бейнеленген мүсінше берілмек

Оралда өтетін «JaiyqFilmFest» халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер фестиваліне 70-тен астам картина түсті. 10-нан астам елден түскен туындылардың жартысына жуығы іріктеуден өтті. Қалғандары қойылған талаптарға сай келмеді.

Үздіктерге Орал бейнеленген мүсінше берілмек
Фото: Жұбан Мұрат

Енді оларды 16-17 қыркүйекте өтетін фестиваль барысында әділқазылар алқасы қарайды. Әділқазылардың екі тобы бар. Бірі қысқа метаражды киноларды бағаласа, екіншісі деректі қысқа метражды фильмдерге назар аударады. Біріншісіне «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған танымал театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова жетекшілік етеді. Оның құрамында кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, режиссер, сценарист Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Ерлан Нұрмұхамбетов, актриса, «Канн» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова бар. Деректі фильмдердің әділқазылар алқасы құрамына танымал теле және кино оператор, Қазақ ұлттық өнер университетінің деканы Талғат Тайшанов, «Ақжайық» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев, продюсер, сценарист, көптеген деректі фильмдердің режиссері Айгүл Черендинова кіреді.

Байқауда тек үздік фильм анықталып қоймай, «Ең үздік әйел образын сомдаушы», «Ең үздік ер адам рөлім сомдаған актер», «Қоюшы оператор», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Көрермендер көзайымы», «Әділқазылар алқасының арнайы сыйы» сынды аталым иелері де белгілі болады. Олар үшін арнайы мүсінше (статуэтка) дайындалды. Мүсіншеде Орал қаласының әдемі көрінісі мен табиғаты бейнеленген.

Айта кетейік, фестивальға қатысып жатқан фильмдердің Орал қаласындағы «Сити центр» және «Галактика» кинотеатрларында ашық көрсетілімі болады.

«JaiyqFilmFest»-тің ашылу салтанатынан соң «Конокрады. Дорога времени» көркем фильмінің тұсауы кесіледі. Қазақстан мен Жапония біріп түсірген киноның басты рөлін сомадаған Самал Еслямова жұртышылықпен бірге киноны тамашаламақшы.

Фестиваль аясында ұйымдастырушылар шеберлік кластарын да өткізбекші.

Жұбан МҰРАТ