Орал қаласы әкімінің жүлдесіне арналған жайдармен өтті

«Қала күні» мерекесі аясында Орал қаласы әкімінің кубогы үшін ұйымдастырылған республикалық Жайдарман фестиваліне 13 команда қатысты.

Орал қаласы әкімінің жүлдесіне арналған жайдармен өтті
Фото: Томирис Сұлтан

Қазіргі таңда КТК ойындары – жастарға тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қоғамдағы ойларды, әлеуметтік мәселелерді әзіл арқылы қозғап, жастардың көкейіне ой салуға және ең бастысы мемлекеттік тілдің мәртебесінәің көтерілуіне жаңаша ықпал етіп келе жатқан жоба. Шаһар басшысының арнайы кубогын сарапқа салған әзіл-қалжың тартысына жалпы 13 топ қатысты. Олардың арасында республикалық жоғары және премьер-лигада өнер көрсетіп жүрген белгілі топтар да, әзіл сахнасына жаңадан тәй-тәй басқан құрамалар да бар. Солардың қатарынан жаңақалалық мектеп оқушыларынан құралған «Ақиқат» командасын ерекше  атап өтуге болады. Бүлдіршіндер қысқа да нұсқа әзілдерін көрерменге  орнымен жеткізе білген жас топ көпшілікке тәтті күлкі сыйлай білді. 

Өңірдің жайдарманшылары мен еліміздің әр түкпірінен келген командалар кешті көтеріңкі көңілге толтырды. Ойында 2021 жылғы республикалық премьер лига сайыстарының ширек финалистері Сырым ауданы Ақырап ауылы «Ақырап 25» құрамасының көрсеткен өнері көпшіліктің көңілінен шығып, қазылар алқасының шешімімен әкім кубогына лайық деп танылды.

Екінші орын Қостанай облысының «Рудный» қарамасына берілсе, үшінші орынның жүлдесін Ақтөбеден келген «Сөз жоқ» командасы еншіледі. Осы топтың белді ойыншысы,танымал жайдарманшы Азамат Жадырасынов «Үздік ойыншы» атағына  ие болды.

Оралда «Қала күні» мерекесі  аясындағы шаралар 19  қыркүйекке дейін жалғасады.

Томирис СҰЛТАН