Оралдағы оқушылар сарайы бесінші оқу жылын бастады

Орал қаласындағы Оқушылар сарайы жаңа оқу жылын салтанатты түрде ашты. Осы ретте 11 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30  жылдығы және «Қала күні – 2021» мерекесі  аясында «Бақытты балалар – Тәуелсіз елдің тірегі!» атты шара ұйымдастырылып, «Сәулет ғимараттары сыр шертеді» көрмесі ашылды.

Оралдағы оқушылар сарайы  бесінші оқу жылын бастады
Фото: Томирис Сұлтан

Шараға қатысқан Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау» мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Ляна Тұрсынова тәрбиеленушілерді  жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, «Nur Otan»  партиясы балалардың құқықтарының қорғалуымен қатар, сапалы білім алуын, қосымша біліммен қамтылуын назарда ұстайтынын жеткізді.

Қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Айтжан Даумова оқушылар сарайында балалардың жан-жақты дамуларына – спорт, өнер, интеллектуалдық даму мен оқу сауаттылықтарын жетілдіру үшін барлық жағдай жасалып отырғанын атап, осы ұйымның жұмысын нәтижелі ұйымдастырып отырған сарай директоры Шолпан Серікқалиқызына бөлім басшысы Ақжарқын Темірханованың алғыс хатын табыс етті.

Сарай директоры Шолпан Сисенова атап өткендей, Тәуелсіздігіміздің 25  жылдығана  орай ашылған оқушылар сарайы биыл бесінші  оқу жылын бастап отыр. Биыл мұнда 83 үйірме жұмыс жасайтын болады. Оның ішінде «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық қозғалысы, волонтерлық қозғалыс, «Мақашева театры» сынды жаңа үйірмелер, математика, физика, химия, география, биология пәндері бойынша зерттеу алаңдары жұмысын бастамақ.  Жалпы биылғы оқу жылында 4 мыңдай оқушы қамтылатын болады.

Шара жас өнерпаздардың концерттік  бағдарламасымен әрленді. Сондай-ақ ата-аналар мен балалар оқушылар ғимараты алдына «Қала күні» мерекесі  аясында  арнайы қойылған «Сәулет ғимараттары сыр шертеді» атты Орал қаласы білім беру ұйымдарындағы технология пәні мұғалімдері дайындаған шаһардағы тарихи нысандар мен жаңа ғимараттардың макеттік үлгілері және болашаққа арналған макеттер көрмесімен танысты. Ұстаздар әр ғимараттың тарихы туралы түсінік берді. Көрме 19 қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Сонымен қатар Орал қаласы білім беру бөлімінің әлеуметтік желілердегі  ресми парақшаларында (инстаграм – @oral_bilim және фейсбуктағы Орал Қаласының Білім Бөлімі) «Қала күні» мерекесі аясында шаһардағы тарихи, сәулет және монументтік ескерткіштерге видеосаяхат жүргізілуде.

Томирис СҰЛТАН