Оралда білім беру ұйымдарын ашуда жеке секторды тартуға басымдық берілетін болады

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылауға арналған қала активі жиынында айтылды.

Оралда білім беру ұйымдарын ашуда жеке секторды тартуға басымдық берілетін болады
Фото: Томирис Сұлтан

Президент халыққа арнаған Жолдауында орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков атап өткендей, бұл ретте шаһарда жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп, апатты жағдайдағы білім ұйымдарын жою, күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп келеді.

Қазіргі уақытта қалада №33 мектептің орнында жаңа ғимараттың  құрылысы салынуда. 300 орындық білім нысаны жыл соңына дейін тапсырылып, оқушылар мен ұстаздар өздерінің мектептеріне оралады. Сондай-ақ Меловые горки елдімекенінде №18 мектептің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Жаңа мектеп салу арқылы үш ауысымды оқыту мәселесін шешу көзделіп отыр.

Сонымен қатар биыл №13 орта мектеп пен №15 «Ақбота» мектепке дейінгі ұйымы «Энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеу бойынша жаңғырту бағдарламасы» аясында күрделі жөндеуден өтсе, барлық мектептер жаңа оқу жылы алдында ағымдағы жөндеуден өтті. 17 білім ұясына қажеттілікке орай ауқымды  ағымдағы жөндеу жасалды. Сонымен қатар 14 мектеп бойынша төтенше жағдай салдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген болатын.

 – Мемлекет басшысы мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тарту қажеттігін жеткізді. Осы орайда, жыл сайын қаламызда жеке инвесторлар есебінен білім беру нысандары пайдалануға берілуде. Мәселен, өткен оқу жылында «125 High school» білім беру орталығы ашылған болса, биылғы оқу жылында республикалық «Fizmat academy» физика-математика мектебі өз жұмысын бастады. Қаламызда жыл сайын оқушылар контингенті өсіп отыр. Бұдан бөлек, шаһарда үш ауысымды мектептердің санын жою да күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Сондықтан жаңа орта білім беру ұйымдарын ашуға жеке секторды белсенді тарту жұмыстарын да жалғастыруымыз керек, – деді Абат Шыныбеков.  

Сонымен қатар қала мектептерінде ақпараттық жүйенің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды үдетуге көңіл бөлу қажеттігі  айтылды.

Томирис СҰЛТАН