Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Қойшылар құлдықта ұстауы мүмкін»: Хабарсыз кеткен әскеридің туысы (ВИДЕО)

34 жастағы жауынгер үйіндегі жалғыз ұл. Төрт баласы бар, әйелінің аяғы ауыр.

«Қойшылар құлдықта ұстауы мүмкін»: Хабарсыз кеткен әскеридің туысы (ВИДЕО)
фото: azattyq-ruhy.kz

15 күннен бері табылмай жатқан әскери бөлімшенің өрт сөндіру жасағының қызметкері Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары оны қойшылар құлдықта ұстап отыруы мүмкін деген болжам айтты деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Жамбылдағы жарылыстан соң хабар-ошарсыз кеткен жауынгер Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары әскери бөлім алдында жиналды. Ал жауаптылар іздестіру шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр деп сендірді. Алайда жауынгердің анасы өз наразылығын білдірді.

Қазақстанда осы бөлімнің әскерилерінен басқа әскер жоқ па? Сол іздеп жатқан 15 баладан басқа жоқ па? Сол бала (әскери қызметші Бауыржан Дәуітбаев: автор) мина алып қашып кетсе, төрт жақтан іздеп тауып алатын едіңіздер? Неге шығармайсыздар адамдарды?, — деді жауынгердің анасы.

Осы жағдайдан кейін 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары өздері тауға іздеуге шықты.

Біздің талабымыз — бауырымызды іздеп табу. Бардық әскери бөлімге, үш учаскелік полицей берді. Үш "Нива" көлігімен. Біз Бауыржанның туыс-бауырлары болып тау-тасты аралап шықтық. Іздестіру жұмыстарын бір күн де тоқтатқан емеспіз. Әлі де жалғастырамыз. Министр немесе әкімдер келген кезде іздестіру шаралары жүріп жатыр деп өтірік ақпарат береді. Ешқандай да тікұшақпен іздестіріп жатқан жоқ. "Дронмен араладық" дейді. Оның өзін министр келгенде жіберді 1-2 күн, болды. Бұлар жәй шоу жасады ғой. Екі тау бар, соның ортасына түспей ме? Қырғыздың шекарасына дейін бармай ма? Біздің оған мүмкіндігіміз болмай тұр ғой. Шекара асып та кетуі мүмкін, — деді жауынгермен бала күнінен бері бірге өскен туысы Ербол Байтасов.

Әскеридің жақындарына іздестіру жұмыстарына 93 сапер жұмылдырылды деп хабарлапты. Бірақ олар жауынгердің дос-жаранынан бөлек небәрі он шақты адамның іздеп жатқанын айтады.

Бізге қазір 93 сапер іздеп жатыр деп айтты. Саперлар оқ-дәрілерді жинап жүр. Соның он шақтысы ғана шығар біздің бауырымызды іздеп жатқан. Бұлар әскери бөлімдегі іздестіру шараларын да бітірмеген. Бізді ішке кіргізбейді. Әскери бөлімде тірісі бар, өлгені бар барлығы табылды. Қанша жерден жарылыс болып, жоқ болып кетсе де сүйегі, тым болмағанда тырнағы шығар еді ғой. Жарылыс болған күннің ертеңіне түнгі сағат он екіге дейін Бауыржанның телефоны қосулы болды. Кейін сөндірулі тұрды. Неге сол телефоны арқылы іздемейді? Мен мәселен біреудің телефонын ұрлап кетейінші, 15 минутқа жетпей мені тауып алар еді, — деп ашынды Ербол Байтасов.

15 күннен бері табылмай жатқан әскеридің жақындары осы уақыт аралығында 38 балгерде барыпты. Олардың тек біреуі ғана өлді деп топшылапты, қалғандары тірі екенін айтыпты.

Қатты жарылыстан соң адам есін жоғалтып, контузия алуы да мүмкін. Ондай кезде ақыл-есі ауытқиды. Біздің бауырымыз да солай басы ауған жаққа кетіп қалуы мүмкін ғой. Мәселен, теміржолды алайық. Бір пойызға отырып, Қарағанды немесе Балқашқа кетіп қалған шығар? Неге Ішкі істер органдары бүкіл республика бойынша іздестіру туралы хабарлама таратпайды? Мүмкін тау-тасқа беттеді ме? Есі ауысқан адам не қарны аш екенін де білмейді. 38 балгерге бардық, 37-сі тірі дейді. Өліп, денесі бір жерде жатса, тым болмағанда иісі шығатын еді... — деп сөзін жалғаған Ербол Байтасов, туысын қойшылар құлдықта ұстап отыруы мүмкін екенін де айтады.

Бұған дейін бауырмызды қойшы көріп қалыпты деген ақпарат шықты ғой. Біз оны жалған деп айта аламыз. Себебі оның өзімен сөйлестік. "Көрдім", кейін "көрмедім", кейін "ұқсаттым" деп отыр ол. Қазір небір оқиғаларды естиміз. Малшылар құлдықта да ұстауы мүмкін. Таудың арасында ешкім бармайтын жерлері бар екен. Құлдықта отыр деп ойлаймыз. Біз тау-тасты аралап, қойшылардан сұрадық. Әлі де сұрастырып жатырмыз. Олар іздеп жүрген полицейлерді не әскерилерді көрмегенін айтты. Қойшылар қорасына біз сияқты қарапайым адамдарды кіргізбейді. Ал олар қорасында ұстап отырған шығар? Неге полицейлер бармайды? Неге әр қораны тексермейді? - деді жауынгердің бала күнінен бері бірге өскен туысы.

Еске салсақ, 26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде өрт шығып, арты жойқын жарылысқа ұласты.

Әскери бөлімшенің өрт сөндіру жасағының қызметкері Бауыржан Дәуітбаевқа шұғыл дабыл келіп, ол сағат 19:00 шамасында үйінен шұғыл шығып кетеді. Алайда содан бері ол туралы ешбір ақпарат жоқ. 34 жастағы жауынгер үйіндегі жалғыз ұл. Төрт баласы бар, әйелінің аяғы ауыр.