16-17 қыркүйек күндері Оралда өтетін «JaiyqFilmFest» халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер фестивалінің басты мақсаты – Оралды әлемге кеңінен таныту. Бұл туралы өңірлік коммуникалық қызмет алаңында өткен брифингте Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев пен «JaiyqFilmFest» фестивалінің директоры, медиаменеджер, проюссер Алпамыс Шәрімов айтты.
-Біз биылғы жылдық жоспарымызға мультипликациялық фильмдер мен «JaiyqFilmFest» фестивалі жобаларын енгізген едік. Мультипликациялық фильмдерді жазда, яғни Балаларды қорғау күнінде өткіздік. Енді Қала күні аясында халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер фестивалін ұйымдастырмақпыз. Біздің қаламыздың тарихы бай, әсем ғимараттарға толы. Қаламызды әлемге танытуға киноөнер де өзіндік үлесін қосарына сенеміз,-деген Серік Ерболатұлы аталмыш фестивалді жоғары деңгейде өткізу үшін белігілі медиаменеджер, проюссер Алпамыс Шәрімовті арнайы шақырғанын да жеткізді.
Алпамыс Өскенбайұлы өнерлі, шығармашылыққа ден қойған жастарды қашан да қолдап отыратын Орал қаласы әкімдігіне, тиісті сала басшыларына алғысын білдірді. Өнерлі жастармен жиі кездесетін ол мұндай іс-шаралар жастарға ауадай қажет екенін де атап өтті.
-Мен өзім көптеген әлемдік кино фестивалдерге барып жүрмін. Олардың арасында Канн, Берлин, Пусан фестивальдары бар. Мысалы Францияның Канн деген шағын ғана қаласында жыл сайын өтетін фестивальді әлемдік кино қауымдастық асыға күтеді. 30 мыңдай тұрғыны бар сол шаһар аталмыш фестиваль арқылы әлемге кеңінен танылды. Орал қаласында да сондай мүмкіндік мол. Мәселен Оралдың орталық көшесі болып саналатын Назарбаев даңғылы ешқандай декорациясыз-ақ әлем режиссерларының назарын аудара алады деп ойлаймын. Оралдағыдай бұрығының сәулеті әдемі күйінде сақталған қалалар аз. Ертең біздің фестивальге келетін отандық және шетелдік киногерлер, режиссерлар қаланың әдемі жерлерін көріп, таңқалып, өздерінің болашақ туындыларына пайдаланады деп ойлаймын,-деді Алпамыс Шәрімов.
Жұбан МҰРАТ