Орал қаласындағы П. Атоян атындағы стадионда жеңіл атлетикадан оқушылар арасында қала біріншілігі өтті.
Жас айырмашылықтарына байланысты 2007-2008 жылдары туған оқушылар бірінші топта, 2009-2010 жылдары туғандар екінші топта бақ сынады.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қала күніне байланысты болған сайысқа барлық қатысушы тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Нәтижесінде бірінші топта өнер көрсеткен 13 команданың арасынан №6 орта мектептің спортшылары жеңіске жетті. Екінші орынға №9 мектеп табан тіреді. №39 мектеп атлеттеріне үшінші орын бұйырды. Екінші топта бақ сынаған 16 команданың арасынан №26 орта мектебінің командасы үздік деп танылды. Екінші орынды №9 білім ұясы қанжығасына байлады. Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясы бастапқы үштікті түйіндеді.
Бәйгенің алдынан көрінген барлық қатысушы мадақтама қағаздарымен, медальмен марапатталды. Жеңімпаз командаларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Жұбан МҰРАТ