Орал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде «Қала күні» мерекесі аталып өтілуде.
Биылғы да мереке аясында бірқатар шаралар өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес барлық санитарлық талапты сақтап отырып ұйымдастырылмақшы.
Мерекелік бағдарламалар негізгінен 10-19 қыркүйек аралығында болады деп жоспарлануда. Мәдени-көшлік және спорттық бағытта өтетін іс-шаралардың ішінде «Брейк-данс» аймақтық фестивалі, “Мен ауылдың баласы” атты қазақша КТА ойындары, “Менің сүйікті қалам” атты фото және бейне челленджі бар. Сондай-ақ «Ақжайық - шеберлер қаласы» атты қолөнер және гүлдер жәрмеңкесі де өтеді. Оған жергілікті және Қырғызстанның қолөнершілері мен Ақтөбе қаласының шеберлері қатысады деп күтілуде. 11-19 қыркүйек аралығында “Сүйікті Оралым” сәулет өнері көрмесі ұйымдастырылады. Ал 11 қыркүйекте болатын «Орал - 2021» сән көрсетіліміне Өзбекстан Республикасынан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Орал қаласынан 9 дизайнер, 60 модель қатысып, үздік сән топтамалары ұсынады.
Оралдағы «Қарақат» мектеп - студиясы тәрбиеленушілерінің «Оралым - өнер самғаған» атты концертіне Ақтөбе, Ақтау қалаларынан жас өнерпаздардың қатысуы жоспарлануда. «Әсем өлкем – Ақжайық» кешінде Орал өңірінен шыққан ақындар мен сазгерлердің Ақжайыққа арнап жазылған шығармалары орындалады. Қала күні аясында облыстық ІІІ «Жайықтың би әлемі» фестивалі қорытындыланбақшы. Оған өңірдің барлық ауданы мен қаладағы би ұжымдары қатсады. “Жайықтың ұлы тұлғалары” атты көрмеге жергілікті студенттер салған өңірімізден шыққан танымал тұлғаларымыздың портреттері қойылады.
Енді спорттық сайыстарға келсек, 13-19 қыркүйек аралығында ересектер арасында «Достық-Дружба» атты волейболдан қалааралық турнирі өтеті. Жарысқа Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Атырау, Қызылорда, Павлодар қалаларынан командалар келмекші. 15 қыркүйекте ММА—дан халықаралық турнир болмақ. 18 қыркүйек күні Басқақ тоғайында болатын «Jaiуq Bike Fest» велоспорт додасына қала тұрғындары мен қонақтары да қатыса алады.
Қала күні мерекесі «Туған қалам – Орал» атты гала концертпен қорытындыланбақшы.
Жұбан МҰРАТ