Оралда балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Белсенді орта» жобасы жүзеге асырылуда.
«Оқушылар сарайының бастамасымен қолға алынған жобаға №5, 9, 24, 28, 37, 46 мектептер мен №41, 42, 44 гимназиялар қатысады. Осы орайда ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бірлескен жұмыс аясында балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, балалар ұйымын жандандыру, патриоттық тәрбиені дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсат етіліп отыр.
Үш кезеңдік жоба қаланың солтүстігіндегі шағынаудандар, қаланың орталығы және Зашаған кенті балаларын қамтуды көздейді. Жұмыс үш бағытта жүргізіледі – оқу, тәрбие және қоғамдық бағыт.
Бірінші бағыт бойынша оқушыларға мемлекеттік емтихандарға, атап айтсақ PISA халықаралық бағалау бағдарламасына дайындық жүргізу үшін қосымша сабақтар жүргізіледі. Бұл сабақтарға 15 жастан балалар қатыса алады. Қосымша сабақтар 8 пәннен өткізілетін болады.
Тәрбие бағыты бойынша еріктілер, жас инспектор, мобильдік алаң үйірмелері мен дебаттық ұйымдардың жұмысын жандандыру көзделген. Оқушыларды осы үйірмлерге жұмылдыру арқылы балалардың рухани-адамгершілік және патриоттық сезімдерін оятуға басымдық беріледі.
Үшіншісі – қоғамдық бағыт. Бұл бағыт аясында оқушылардың ата-аналарымен түрлі бағыттағы шаралар мен жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Томирис СҰЛТАН