Оралдағы М.Өтемісов атындағы БҚУ-да бірнеше айға созылған екпе алушылар арасындағы "Мен өмірді таңдаймын" акциясының жеңімпаздары анықталды.
Коронавирусқа қарсы екпе алғандар арасындағы байқау шілде айында жарияланған болатын. Тамыз айының соңына дейін оқу орнының 100-ге жуық оқытушысы мен қызметкері және 166 студент өтінішін байқауға қатысуға өтініш білдірген.
Университет ректоры Н.Серғалиев бастаған арнайы комиссия мүшелері лототронға салынған өтініштер арасынан кездейсоқ таңдау әдісі арқылы тікелей эфирде жеңімпаздарды анықтады.
Қызметкерлер арасында жарияланған 30 000 теңге көлеміндегі сыйақыға 91 адам өтініш берген. Соның ішінде 50-і жеңімпаз атанды. Ал 4 қызметкер "Ақжайық" шипажайына жолдама ұтты.
Магистрант пен студенттердің ішінде 45-іне оқу ақысына 5 пайыз жеңілдік жасалатын болады. 6 білім алушы фитнес клубқа абонемент ұтып алды, ал мобилография курсына 4 студент жолама алып отыр. 50 шәкірт 15 000 тг көлеміндегі сыйақыны иеленді.
Бұдан бөлек, 25 студент елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына, 20 студент киелі Түркістан өңіріне саяхатқа бару жолдамасына ие болды.
Томирис СҰЛТАН