Шәмшінің әнін тамылжыта орындаған шешен қызына көпшілік таңдай қақты (ВИДЕО)

Әнші қазақ тілін біледі және салт-дәстүрін қатты құрметтейді екен.

Шешенстан Республикасының Халық әртісі Элина Муртазова Шәмші Қалдаяқовтың "Ана туралы жыр" әнін орындап, көпшілікті тәнті етті деп хабарлайды NUR.KZ.

31 жастағы өнер иесінің қазақ әнін орындаған сәті ғаламторда тарап кетті.

Элина Муртазова қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданында дүниеге келген. Ал мектепті Шымкентте бітірген. Дәл осы қалада заң саласы бойынша орта арнаулы білім алған. Кейін шешен еліне аттанған ол түрлі байқауларда бақ сынайды. Қазіргі таңда сол елдің Еңбек сіңірген әртісі, Шешенстан Республикасының Халық әртісі атағына ие. Әншінің туыс ағасы Элина бала күнінен ән айтуға ерекше құмар болып өсті, түрлі ән байқауларда көпті өзіне қарата білді дейді.

Әнші қазақ тілін біледі және салт-дәстүрін қатты құрметтейді екен.

Элина үшін Қазақстан тек тәтті естеліктерге толы. Ол Шымкентті ұмытпайды, мүмкіндігінше жиі келіп тұрады. Елімізді сағынатынын айтады. Қазақ тілін біледі, осы тілде ән шырқағысы келген ол "Ана туралы жыр" туындысын әлемдегі барша аналарға арнайды, - деп толықтырды әншінің туысы Шуддин Саидов.