Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Қонақ үй, ресторан, базар": Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының байлығы туралы шындықты жайып салды (ВИДЕО)

Айтуынша, оның отбасын қаржы полициясы бірнеше рет тексеріп, ешқандай заңсыздық таппаған.

"Қонақ үй, ресторан, базар": Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының байлығы туралы шындықты жайып салды (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы кездері меншігіндегі дүниелерге қатысты айтылып жүрген әңгімелерге жауап берді. Qasqa Jol  Youtube-арнасына берген сұхбатында ол отбасы мүшелерінің атына тіркелген нысандарды мәлімдеген, деп жазады Paryz.kz.

Оның сөзінше, Елордадағы «Дипломат» қонақ үйі мен «Шапағат» базарында, тағы басқа орталықтарда Мұхамедиұлы жанұясының үлесі бар. 

«Жұбайымның атында The Family деген кафе бар. Мен туралы видеода айтылғандай 2000 емес, 900 шаршы метр. Өткен жылы «Қазақ энциклопедиясын» (баспа үйі) сатып алдық. Ол нақты жұбайымның атында. Екі ұлымның атында «Alem Education System» білім орталығы бар. Қазір колледжді де алдық. Халықаралық колледждің негізгі бағыты – туризм, мейрамхана ісі, аудару ісі, аспаздық. Туризм саласын өзім бірнеше жыл басқарған соң ойласам, бізде «сервис» жоқ. Сондықтан колледж бен қонақ үйді біріктіріп жатырмыз. Білім саласымен айналысатын компанияға «AiDimZhan-CO» деген  ат қойдық. Ол менің үш баламның аты – Айжан, Димаш, Жандос», - дейді ол. 

Экс-министр бұл тұста «Дипломат» қонақ үйі туралы айтып отыр. 

«Дипломаттың» 71%-ы менің енемнің атында. Оны біз 2020 жылы сатып алдық. Ал «Bali Spa» орталығы «Дипломаттың» бір бөлігі. Декларация бар. Мен жастайымнан еңбекқормын. Астанаға көшіп келгенде 2000 жылы әйелім екеуміз «Якутские бриллианты» деген дүкен ашқанбыз. Себебі оның үлкен ағасы Якутияда тұратын. Intercontinental қонақ үйінің ішінен орын жалға алып іс бастадық. Әрі қарай тағы түрлі ұсыныстар болды. Сосын газ компаниясымен айналыстық (Тауекел-Т ЖШС). Қазір басқа дүниелер алу үшін ол компаниядан шықтық. Егер осының бәрін жасыратын болсам оффшорға тығар едім ғой», - дейді Мұхамедиұлы. 

Айтуынша, оның отбасын қаржы полициясы бірнеше рет тексеріп, ешқандай заңсыздық таппаған. Экс-министр «Шапағат» базары жайындағы әңгіменің рас екенін де растады. 

«Елордадағы «Шапағат» базарын тұңғыш қызым Айжан Мұхамедиге ұсыныс болғасын жақын араласып жүрген азаматтармен алдық. 45%-ы Айжанға тиесілі. Бизнес түрінде емес, достық қарым-қатынас болсын деген ырыммен алынған дүние ғой. Барлығы былтыр алынған. Министр болып жүргенде алсақ «бұ қалай» деуге болар еді. Айжан қызымды биыл тұрмысқа беріп жатырмыз, қуаныш болып жатыр. «Шапағат» та сыйлықтың бірі дегендей ғой», - деп түсіндіреді Ұлттық музей директоры. 

Сонымен бірге ол 540 шаршы метрлік жер үйде тұратынын айтады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, жақында ол туралы тараған видеода көрсетілген Көктөбедегі сарай мен ипподром оның отбасына тиесілі емес.