Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Қоғамға қауіп тудырып жүр екенмін": Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады

"Орамал таққан қыздардың Қазақстанда жұмысқа кіре алмай, шет елге көшіп кетіп жатқанын да білемін", - дейді айтыскер.

"Қоғамға қауіп тудырып жүр екенмін": Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram-дағы парақшасы арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлады paryz.kz.

"Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Кешеден бері шуылдап жатқан әлеуметтік желідегі жағдайды оқып жатқан боларсыз... Әйелдер ас үйде отыра алмаймыз деп алаңға шығып кетті. Туларын желбіретіп алаңға шыққан феминистердің арасында әйел мен әйелдің төсектес болуына рұқсат сұрап жүргендер де бар екен... Шындығында олар рұқсатсыз-ақ қосылып жатыр... Сонда алаңға айқайлап шығып, неге құқығымыз қорғалмады деп шыңғырып жүр? Онсыз да білгендерін жасап жатқан жоқ па?!" - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Бірақ оның айтпағы мүлде басқа әңгіме екен. Бұл ретте өзінің шет елге жиі ұшатынын, ұшып бара жатып та, келе жатып та түрлі кедергіге жиі тап болатынын жеткізген.

"Жұрттың бәрі емін-еркін өтетін шекарадан мені жеке өткізеді, арнайы формадағы қызметкерлер жеке бөлмеге апарып, біраз тергеп барып жібереді. Қайта-қайта қайталана берген соң неге бұлай боп жатқанын сұрастырдым. Сөйтсем, бәріне «кінәлі» басымдағы ақ жаулығым екен... Мен орамал таққалы қоғамға қауіп тудырып жүр екенмін... Мен бір кездері телевизия саласында жұмыс істедім. Сол кезде де орамалым үшін қайта-қайта сөз естуге мәжбүр болып, ақыры кетіп тынғанмын. Орамал таққан қыздардың Қазақстанда жұмысқа кіре алмай, шет елге көшіп кетіп жатқанын да білемін", - дейді айтыскер.

Осы орайда ол президенттен Қазақстандағы орамалды қыздардың құқығын сіз қорғауды сұраған.

"Олардың ер-азаматты аттап өтіп, аттандап алаңға шығуға ұяты жібермейді... Қазақ тарихында елеулі із қалдырған Домалақ ана, Бопай ханшайым, Әлпеш ана, Гаухар ана, Ұлбике, Сара ақындар ақ жаулықтарына адалдық танытып, алаштың аналарына айналған жоқ па?! Шаштарын қызыл-жасылға бояп, даналықты дәріптеген кім бар?! Алланың әміріне бойұсынып жүрген арулар ертең елдің тұтқасы болар адал ұлдарды дүниеге әкелмей ме?! Адамның кеудесіне не дін кіреді, не жын кіреді! Қоғамға қайсысы қауіпті?! Біз сіздерге арқа сүйейміз. Кешеден бері инстаграм әнші қыздардың посттарын өшіріп тастап жатыр. Неге?! Себебі қазақ сияқты текті халықтың рухын таптауға әлем қыздарымыз арқылы кірісіп жатыр! "Жатыр - өзімдікі" деп жар салғызудың артында қазақты тамырымен құрту саясаты жатыр. Осы мәселе осы күйінде қалмаса екен", - деп сөзін аяқтады Айнұр Тұрсынбаева.

Алайда бұл ретте оның да дін жолындағы өзге қыз-келіншектер сияқты, өзі мысалға алған қазақтың аналары таққан орамал, ақ жаулық пен араб елінің құм суырған дауылына қарсы киетін хиджаб киімін шатастырып отырғаны анық.