Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Дәмханада ыдыс жуатын "Қызылорда аруының" оқуға ақша жинайтын басқа амалы жоқ

"Кейбір мекемелерге орыс тілін білмегендіктен жұмысқа тұра алмадым. Біраз жерде өз қазақтарымыздың қазақ тілін түсінбей, мен орыс тілін түсінбей қалатын сәттер болды. Мені қазақтың қазақпен өзге тілде сөйлескені қынжылтады", - дейді ол.

Дәмханада ыдыс жуатын "Қызылорда аруының" оқуға ақша жинайтын басқа амалы жоқ
фото: ашық дереккөз

Өткен аптада әлеуметтік желілерде "Қызылорда аруы-2017" атанған Гүлнұр Нұртазаның дәмханалардың бірінде ыдыс жуып жүрген видеосы тараған болатын. Осыдан кейін кейбір алаяқтар бойжеткеннің атынан фейк аккаунт ашып, қаражат жинамақ болған. Досы түсірген видео осыншалықты қатты тарап кетеді деп ойламаған ол6 өзіне қазақстандықтар тарапынан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен қолдау білдірушілердің табылып жатқанын жеткізді, деп жазды azattyq rýhy.

Гүлнұрдың айтуынша, ол жаңа жылдан бастап Алматыдағы дәмханалардың бірінде ыдыс жуып, аспаз көмекшісі болып жүр. Instagram парақшасын Қызылорда аруы атанған кезде ашқан. Дегенмен жарты жылдан кейін желі қызықсыз болып кеткен. Сол себепті, барлық суреттерін өшіріп, аккаунтын жауып тастаған. "Дәмханада істейтін досым видеоны ортақ таныстарымыз бар чатқа жіберген болатын", - дейді Қызылорда ауры. Оның сөзінше, әрі қарай оны желіге кім салып жібергені белгісіз.

Гүлнұр жаңа жылға дейін модельдік агенттікте, сән көрсетілімдерінде жұмыс істеген.

"Әлемді жайлаған індет кесірінен ол жақтағы жұмысымыз тоқтап қалды. Сонымен пәтерақым, күнделікті жолым мен тамағыма ақша табу керек болды. Одан бөлек, оқу ақысына деп ақша жинап жатқан едім. Алматыдағы университеттердің бірінде сырттай экономист мамандығы бойынша оқып жатырмын. Биыл төртінші курстамын (соңғы курс), оқу ақысы - жылына 700 мың теңге. Дәмханада ыдыс жуып, бас аспазға көмектескенім үшін күніне 10 мың теңге алатынмын. Мен сияқты 20 жастағы қыз үшін бұл - жақсы табыс. Каратин аяқталған соң, қайтадан модельдік жұмысыма ораламын. Ең бастысы, бұл уақытша болатын қиындық қой", - деді бойжеткен.

Гүлнұр - отбасындағы жалғыз қыз. Ол 15 жасында әкесі жүрек талмасынан қайтыс болғанын, өткен жылы қыркүйекте анасы коронавирустан көз жұмғанын жеткізді.

Қызылорда аруының сөзінше, үйлерін банк алып қойыпты.

"Туыстарыммен жақын араласпаймын. 2017 жылы "Қызылорда аруы" атанғанымда әкемнің туыстары хабарласып, құттықтаған. Содан бері осы видео тарағаннан кейін ғана жағдайымды сұрады. Нағашыларыммен де хабарласпай кеттік. Ата-анамның көзі тірісінде туыстарыммен жақсы араласатынбыз, қонаққа, ауылға әжеме де барып тұратынмын. Әркімнің өз отбасы, өз жұмысы бар. Ешкімнің мойнына масыл болғым келмейді. Қазақта "Есектің артын жусаң да мал тап" деген сөз бар емес пе?! Мен өз еңбегіммен ақша табудан ешқашан ұялған емеспін, ұялмаймын да. Біреуге қол жайып, жастығым мен сұлулығымды саудаға салғаннан гөрі, өз жолыммен жүргенім дұрыс деп білемін", - деді Гүлнұр.

Сондай-ақ, Қызылорда аруы осыған дейін істеген жұмыстарында отбасылы еркектердің кездесуге шақырғаны жайлы сөз қозғады.

"Даяшы да болдым, одан кейін сауда-саттықпен айналысатын компанияда менеджер болып істедім. Жұмыс істеген жерлерімдегі жоғары лауазымды, отбасылы ер кісілер шайға, кездесуге шақырады. Бәлкім, жас, бойдақ қыз болғаннан кейін сынап көргісі келетін шығар. Менің тәрбием ондай нәрсені қабылдай алмайтындықтан, жұмыстан шығуыма тура келді. Желіде кейбіреулер "Сен өзің солай ұсыныс жасауға мүмкіндік берген боларсың" деп жатыр. Бірақ дайректке бірнеше қыз жазып, жұмыстан бөлек, басшылары кездесуге шақыратынын, сол себепті жұмыстан кетуге мәжбүр болғандығын жазып жатыр. Менің ойымша, бұл жалғыз менің басымнан өтіп жатқан оқиға емес. Қыз бала өзін қаншалықты тәрбиелі ұстаса да, көңілге келетін ұсыныс жасаушылар бар. Маған хат жазған қыздардың көбі өздері ешқандай себеп бермегенін айтуда. Кейбір мекемелерге орыс тілін білмегендіктен жұмысқа тұра алмадым. Біраз жерде өз қазақтарымыздың қазақ тілін түсінбей, мен орыс тілін түсінбей қалатын сәттер болды. Мені қазақтың қазақпен өзге тілде сөйлескені қынжылтады. Бұл жағдай елімізде өзгереді деп сенемін, ал өзім орыс тілін меңгеруге күш саламын", - деді ол.

Сонымен қатар, Гүлнұр "хайп" үшін видео таратты деп сынағандарға жауап берді.

"Көпшілік мені видеоны "хайп" үшін таратты деп жатыр. Ол - ешқандай хайп емес, кездейсоқ тарап кеткен видео. Мен өзімді ерлік жасадым деп санамаймын. Мен сияқты қаншама қыз-келіншек бала-шағасын асырау үшін таңнан кешке дейін қара жұмысқа жегіліп жүр. Карантинде талай танысым жұмысын ауыстырып, басқа салада еңбектеніп жатыр. Бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Шынымды айтсам, желідегі түрлі пікірлерден соң басылып қалдым. Қазір дәмханадан басқа жерде жұмыс қарастырып жатырмын. Қыздармен қаланың ішінде пәтер жалдап тұрамын. 15 жасымда әкем жүрек ауруынан өмірден өтті, ал өзім нақты емханаға қаралып, ем алған емеспін. Алматыда емханаға қаралуға қаражат жағынан мүмкіндігім болмады. Мұрнымнан қан кетіп, талып қалатыным сол әкемнен берілген болар. Әлуметтік желіде тараған видеодан соң, кейбір алаяқтардың менің атымнан фейк парақша ашып жатқанын көрдім. Содан өзімнің ресми парақшамды қайта іске қостым", - деді бойжеткен.

Тағы оқи отырыңыз: Дәмханада ыдыс-аяқ жуып жүрген "Қызылорда аруына" байлар интим ұсынған (ВИДЕО)

Сөз соңында Қызылорда аруы өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.

"Қолдау білдіріп жатқан әрбіріңізге алғысым шексіз! Сонау Америкадан Димаш Ниязов ағамыз пікірін білдіріп, қолдауын көрсетіп жатыр. Қайрат Құдайберген мырзаға рақмет! Бүгінгі таңда жеке шотыма 200 мың теңгедей жиналды. Біреулер 100, енді біреулер 300 теңгеден жіберіп жатыр. Алла жазса, осының бәрін оқуымның ақшасын жабуға жұмсаймын", - деп сөзін қорытындылады Гүлнұр Нұртаза.