Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ернар Мақажанов мәлімдеді деп жазады Рaryz.kz еxk.kz сілтеме жасап.
Мақажановтың айтуынша, аймақтағы мемлекеттік мекемелердің басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау бағытындағы жұмысты әлі күнге дейін қадағаламай келеді.
Мәселен, биыл 1 шілдеде Тараз қаласының № 2 сотының үкімімен Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры, оның орынбасары және аталған кәсіпорынның бұрынғы бөлім басшысы пара алғаны үшін сотталды. Олардың әрқайсысына 6 000 000 теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Қарапайым экскурсовод қызметіне жұмысқа қабылдағаны үшін 200 000 теңге көлемінде пара алған. Өкінішке орай, Жамбылда ақшамен жұмысқа қабылдау жағдайлары әлі күнге тыйылмай отыр,
— дейді Ернар Мақажанов.
Сондай-ақ, тексеріс көрсеткендей облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұрын сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасаған азаматтарды жұмысқа қабылдауды әдетке айналдырған екен. Ал білім беру ұйымдарының басшылары заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып келіпті.
Жалпы алғанда департаментте биылғы жылдың басынан бері 66 қылмыс тіркелген. Олардың 46-сы сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтар. Оның ішінде жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа бару және көлеңкелі экономика субъектілеріне лауазымды адамдар тарапынан қамқорлық жасау деректері де бар.